Қытай Адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығын құруды жеделдетеді
«Екі сессия» аясында өткен баспасөз мәслихатында Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығын құру бастамасының мәні мен мақсаты туралы айтты.
Оның айтуынша, бүгінгі адамзат көптеген сын-қатерге толы дәуірде өмір сүріп жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек, әлем қандай қиындықтарға тап болса да, әрдайым жарқын болашаққа ұмтылған, жаңа идеяларды алға тартқан көшбасшылар болған. Қытай төрағасы Си Цзиньпин ұсынған адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыру тұжырымдамасы адамзаттың қай бағытта дамуы тиіс деген маңызды сұраққа жауап береді.
Министрдің сөзінше, адамзаттың басты жауы – адамның өзі емес, соғыс, қақтығыс, кедейлік, аштық және әділетсіздік. Мұндай жаһандық мәселелерді ешбір мемлекет жалғыз өзі шеше алмайды және олардың салдарынан толық қорғана алмайды. Сондықтан елдер бір-біріне қолдау көрсетіп, бірлесіп әрекет етуі қажет. Оқшаулану тығырыққа тірейді, ал бірлік – күш.
Ван Идің айтуынша, бұл тұжырымдама Қытайдың әлем алдындағы жауапкершілігі мен тарихи миссиясын да көрсетеді. Қытай халқы ежелден үйлесім мен бейбіт өмірді жоғары бағалайды. 1,4 миллиард халқы бар елдің өркендеуі үстемдік пен экспансия арқылы емес, тек бейбіт даму жолымен жүзеге асады.
Қытай барлық елдерді ұзақ мерзімді бейбітшілікке, ортақ қауіпсіздікке, бірлескен өркендеуге, ашықтық пен инклюзивтілікке негізделген таза әрі әсем әлем құру жолында бейбіт даму бағытын ұстануға шақырады.
Министр соңғы жылдары адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығы тұжырымдамасы әлемде кең қолдау тапқанын атап өтті. Бүгінде бұл бастаманы 100-ден астам ел мен халықаралық ұйым қолдап отыр, ал халықаралық қоғамдастықтың шамамен 80 пайызы оны оң бағалайды. Сонымен қатар 40-тан астам мемлекет пен өңірлік ұйым осы бағыттағы ынтымақтастыққа қосылған.
Ван Идің айтуынша, адамзаттың болашағы жарқын болғанымен, ол өздігінен қалыптаспайды. Ортақ тағдыр қауымдастығын құру – тек әдемі идея ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын бірлескен еңбекті қажет ететін тарихи үдеріс.
Қытай бұл мақсатқа жету үшін барлық серіктестерімен бірге нақты іс-қимыл жасап, адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығы идеясын шынайы өмірге айналдыруға дайын екенін мәлімдеді.