Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның сапалы жүзеге асырылуы бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейін 4,5 пайыздан асырмау қажеттігін ескертті. Президент тапсырмасына сәйкес Шымкентте жұмыссыздықты төмендету мақсатында азаматтарды еңбекпен қамту шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазір еңбек нарығында техникалық және кәсіптік сала мамандарына, атап айтқанда, дәнекерлеуші, электрик,  құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппаратық құралдарының операторы, көкөніс өсіруші мен мерчендайзарлерге сұраныс өте көп. 

Нарықтағы сұраныс ескеріліп, "Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы"  аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту шаралары ұйымдастырылып жатыр. Бұл тек жұмыссыздарды азайтып қана қоймай, отандық өндірісті қолдауға да мүмкіндік берді. Биыл қалада қысқа мерзімді кәсіптік оқыту қыркүйек айында басталады. 

Жалпы, былтырғы жылы кәсіптік оқыту бағдарламасы бойынша 2134 адам қамтылған болатын. Жұмыс берушілерден түскен өтініштер негізінде биыл 1500 азаматты оқу ұйымдарында түрлі мамандық бойынша оқыту жоспарланып отыр. Қатысушы 3 ай кәсіптік оқыту мерзімінде 20 948 теңге шәкіртақы және бір реттік материалдық көмек алады. Кейін жұмыс беруші жұмыссыз азаматты әлеуметтік келісімшарт негізінде 10 жұмыс күні ішінде жұмыс орнына кемінде 6 ай мерзімге жұмысқа қабылдайды.  


Оқи отырыңыз: Аттестат пен дипломды қатар береді: Биыл Астанада алғаш рет эксперименттік білім бағдарламасына 270 оқушы қабылданады


Сондай-ақ жұмыс беруші компаниялардың өтінішімен 760 адамды жұмыс орындарында кәсіптік оқыту жоспарланып отыр.  Оқу аяқталған соң бітіруші кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына орналасады. Қазір 34 компаниядан 40-тан астам мамандыққа өтінім түсті. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту онлайн платформа арқылы да жүзеге асырылады. Сайты арқылы бүгінде 2 жарым мыңнан астам азамат онлайн білім алған.