Қырғызстан парламентінің төрағасы Нұрланбек Шакиевтің елдің әнұранын өзгерту туралы бастамасы қоғамда қызу талқыланып жатыр.

"Біз қазіргі қолданыстағы әнұранды Кеңес Одағы құрамынан шыққан тұста қабылдағанбыз. Қазір біз аяққа тұрып, даму жолына түскен елміз. Сондықтан әнұранымызды өзгертуіміз керек. Ол 1-сынып оқушыларынан бастап қарияларға дейін айтатын әдемі ән болуы керек", – деді Нұрланбек Шакиев.

Осы орайда қырғызстандық 24.kg басылымы ұйымдастырған сауалнамаға сайт оқырмандары белсенді жауап беріп жатыр. Әзірге жауап бергендердің басым бөлігі – 43 пайызы әнұранды өзгертуге қарсы. Олардың пікірінше, қазіргі әнұран елдің рухы мен мәдениетін айқын көрсетеді. 

Қырғызстан Республикасының әнұраны 1992 жылы 18 желтоқсанда қабылданған болатын. Ол үш шумақтан және қайырмадан тұрса, 2012 жылы Парламент қаулысымен екінші шумағы алынып тасталған. 

Еске салайық, Нұрланбек Шакиев бұған дейін Қырғызстан туын өзгерту туралы бастама көтеріп, кейін бұл ұсыныс жүзеге асқан болатын. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қырғызстанның Орталық Азияда қауіпсіздікті нығайтатынына сенімдімін