Қылмыстық топ па әлде тергеу қателігі ме? Астанада сотта 24 адамның ісі қатар қаралып жатыр
Бүгін Астананың Мамандандырылған ауданаралық сотында Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" (бүгінде – Qarmet) зауытына қатысты бірқатар қылмыстық оқиғалар бойынша кезекті сот отырысы өтті. 2024 жылғы қарашада басталған сот отырыстары жылдам өтіп, жарыссөздің өткеніне қарамастан, судья Сейфулла Тасымбетовтің шешімімен тергеу қайта жанданып, сот отырысы жалғасын тапты.
Шегініс жасап түсіндіре кетейік, сотта түрлі қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 24 адамның ісі бірге қаралып жатыр. Айыптау актіне сәйкес, олардың 16 қылмыс түріне қатысы болса, олардың қатарында заңсыз қару сақтау, бопсалаушылық, "АМТ" зауытынан металл және өзге заттарды ұрлау және басқалар бар. 24 адамның бірге тергелуіне себеп – айыптаушы тараптың бұл қылмыстарда ұйымдасқан қылмыстық топтың белгілері бар деген айыбы. Сотқа дейінгі тергеу нәтижесі бойынша, прокурор қылмыстық топтың басты ұйымдастырушылары ретінде Заңғар Хасенов пен Айдос Төленді атаған болатын. Сотталушылардың басым бөлігі бір күзет фирмасында қызмет еткен.
Бүгінгі сот отырысында прокурор сотталушыларға тағылған айып бойынша шолу жасады. Айта кетейік, 16 қылмыстық эпизод бойынша тергеу материалдары 200-ден астам томды құраған болатын. Ауыр қылмыс түрлеріне тоқталсақ, олардың қатарында 2016 жылы Бестөбе кенішінде болған атыс та бар.
Оқи отырыңыз: Президенттің саяси реформалар бағдарламасының 10 бағыты қандай?
Осы және өзге де қылмыс түрлеріне толыққанды шолу жасаған прокурор отырыс барысында соттан Заңғар Хасеновті 16 жылға, Айдос Төленді 15 жылға, Жартас Қожанәсіпті 13 жылға, Жасұлан Мауытқалиұлын 12 жылға және өзге сотталушыларды 2 жыл мен 7 жыл аралығындағы мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.
Бұдан кейін сот отырысында айыпталушы тараптың адвокаттары кезек-кезек сөз алды. Алдымен сөйлеген Заңғар Хасеновтің қорғаушысы Надежда Далабаева прокурордың айыптауларымен келіспейтінін мәлімдеп, тағылған айыптармен түгел келіспейтіндерін мәлімдеді. Адвокаттың сөзінше, "ұйымдасқан қылмыстық топ" туралы айып ешқандай шындыққа жанаспайды және оған ешбір дәлел ұсынылмаған.
"Жарыссөзге дейінгі сот отырыстарында онлайн және офлайн форматта шақырылған куәгерлер менің қорғауымдағы Заңғар Хасеновті мүлде танымайтынын және өмірде көрмегенін айтты. Ал кейбірі тергеушілердің тарапынан қысым болғанын да жасырмады. Олар қысым астында Хасеновті қылмысты топ жетекшісі ретінде көрсеткенімен, кейін бұдан бас тартты. Мұның бәрі ешқандай да ұйымдасқан қылмыстық топтың болмағанын және сотта әртүрлі, бір-біріне қатысы жоқ қылмыстардың бірге қаралып жатқанын дәлелдейді", – деді Надежда Далабаева.
Бұған дейінгі жарыссөзде тағылған айыптар бойынша өз жауабын толықтай бергенін алға тартқан қорғаушы прокурор сөзіндегі сәйкессіздіктерге көбірек назар аударды.
"Бұл іс бойынша қазір ешқандай нақты дәлел жоқ. Ал жәбірленушілердің ешқайсысы өздерінен ешкім ақша бопсаламағанын, қорқытып-үркітпегенін айтып отыр. Тіпті өздерін жәбірленуші санамайды да екен. Бұл жерде тек 4 адам "ұйымдасқан қылмыстық топ" мүшесі деп танылып отыр. 4 адамнан тұратын "ОПГ" болушы ма еді? Болған күннің өзінде олар ескі металдарды ұрлап, болмашы қаржы үшін осындай іс жасайтын ба еді? Бұл барып тұрған жала. Қылмыстық топ мүшелері деп айыпталғандар бір-бірін тіпті танымайды да", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Сот жүйесін үлкен өзгерістер күтіп тұр
Надежда Далабаевадан кейін сөз алған адвокаттар да өз қорғауындағы айыпталушылардың тағылған айыптармен келіспейтінін (тек ұрлық-қарлық бойынша ішінара келісетінін) мәлімдеді.
Сот отырыстары алдағы уақытта тағы да жалғасады.
Еске салайық, сотталушылардың туыстары мен жақындары мемлекет басшылығының атына хат жазып, қылмыстық істің барысын қадағалауға алуды сұрады. Олардың айтуынша, күдікке ілінген 24 адамның 15-і тұтқындалған. Қалғаны үй қамағында. Күдіктілердің төртеуіне "ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі" деген айып тағылған.
"Біздің туыстарымыз ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі емес. Олардың көбі бір-бірін тек сот тергеуі барысында көріп танысып отыр. Олардың көбі қазір екі жылға жуық уақыттан бері қамауға алынған. Ал тергеу мен сот зерттеуі барысында өрескел заң бұзушылықтарға жол берілді. Ал айыптаулардың нақты дәлелдері жоқ. Бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабында айқындалған әділеттілік қағидасына сай келмейді", – делінген ашық хатта.