Құрылыс шығындары 10 пайыздан астам өскен мердігерлермен есеп айырысу жүргізіледі
Бұл жеңілдікке тек жұмысында заң бұзушылық орын алмаған мердігерлер ғана ие болады.Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен "Атамекен" ұлттық палатасы құрылыс материалдарының өсуіне байланысты жедел шаралар қабылдағанын хабарлады.
"Соңғы 5 жыл ішінде елде құрылыс материалдарының бағасы қалай өскенін, жылжымайтын мүлік бағасының қалай өзгергенін анықтадық. Цемент, арматура, кірпіш және газбетон сынды ең көп қолданылатын құрылыс материалдарына назар аудардық. Алайда құрылыс материалдары қымбаттаса да, керісінше тұрғын үй бағасы қымбаттамай, арзандаған кездердің болғанын аңғардық", – деді вице-министр.
Сондай-ақ, Қайырбек Өскенбаев биыл негізгі материалдар бағасы өскенін айтты. Мұны вице-министр "Кейінге қалдырылған сұратым әсері" деп бағалады. Яғни, 2020 жылы салынуы тиіс нысандардың осы жылға шегерілуі құрылыстың көбеюіне себеп болған. Баға осы нарықтағы сұранысқа орай қымбаттап отыр.
"Қазақстанда соңғы екі жылда тұрғын үй құрылысына инвестиция екі есе артты. Инвестиция көлемі 1,7 есе өскен. Осындай өсім құрылыс материалдарына деген сұратымды арттырып жіберді. Сондай-ақ, импорт пен саудагерлік әсер етті. Қазіргі сәтте қазақстандық өндірушілер ішкі нарықты қамтамасыз етуге тырысып отыр", – деді Өскенбаев.
Әрі қарай вице-министр Е-құрылыс ақпарат жүйесінің іске қосылғанын хабарлады. Барлық тапсырысты орындаушы құжатты электронды жүргізеді. Мұнымен қатар, құрылыстағы әрбір әрекет бақылауға алынады.
Оқи отырыңыз: Құрылыс материалдарының құны сәуірден бері 50-70 пайызға көтерілген
"Соңғы уақытта мемлекеттің қатысуымен жүзеге асатын объектілердің қымбаттауына қатысты сауалдар көтеріліп отыр. Сұранысқа ие құрылыс материалдарының бағасы ретке келтірілген жинақ шығардық. Ол әзірге бірінші сатыда деуге болады. Жаңа жобалар осы баға бойынша іске асатын болады. "Атамекен" ұлттық палатасымен бірге селекторлық режимде жиналыс өткіздік. Осы жобаны қарапайым ету мәселесін талқыладық. Бағаны 10%-дан артық өсірген мердігерлер ұйымы тексеріледі", – деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол тиісті мемлекеттік сараптамалар тағайындалатынын ескертті.