Құрылыс саласының қарқыны мен ипотека беру болашағы Астанада өткен халықаралық форумда талқыланды
Шараға Қазақстан, Ресей, Кипр, Түркия елдерінің құрылыс компаниялары қатысып, саланың өзекті мәселелерін талқылап, өзара тәжірибе алмасты.
Форум аясында "Информбюро" тілшісі "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимовамен сұхбаттасып, Қазақстанның құрылыс саласының даму тенденциялары жайлы пікірін сұрап білді. Сатып алушыларға барынша қолайлы несиелендіру шарттарын ұсынып отырған "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибргаимова болашақта заем рәсімдегісі келетін қазақстандықтардың саны артатынын айтады. Сондықтан, банк несиелендіру саясатын жүргізу барысында қарыз алушылардың жас ерекшеліктерін ескерген екен.
"Отбасы банкінің басқа банктерден ерекшелігі – ипотека 70 жасқа дейінгі азаматтарға беріледі. Яғни, кепілгері болған жағдайда, зейнет жасындағы азаматтар да тұрғын үй несиесіне өтінім бере алады. Бүгінгі күні банкте 2,5 миллионнан астам салымшы бар. Негізгі депозит түрі – шартты депозиттер. Өйткені, бұл депозитті қолма қол ақшаға айналдыру мүмкін емес. Мұндай несиенің мақсаты әрқашан тұрғын үй заемын алу немесе қайта қаржыландыру несиесі үшін бастапқы жарна болады. Сондай-ақ, біздің үй жөндеу мақсатына да несие беретінімізді көп адам біле бермейді. Жер телімін сатып алу, үй салу үшін де берілетін заем түрлері де бар. Алайда, қазақстандықтардың басым көпшілігі дайын үй алғанды дұрыс деп есептейді", – деді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибргаимова.
"Витрина недвижимости" агенттігінің негізін қалаған Данияр Нұрғазин пәтер бағасының қазіргі уақытта қолайлы екенін және алдағы уақытта өзгере қоймайтынын айтады.
"Қазақстандағы бизнестің негізгі көзі – құрылыс саласы. Бұл салада жүргеніме 10 жылдан астам уақыт болды. Қазіргі пәтерлер бағасы орташа деңгейде деп айтуға болады. Қымбат та, арзан да емес. Мемлекет тарапынан құрылыс саласына қолдау жылдан жылға артып келеді. Құрылыс саласы дағдарыс кезінде де тоқтаған емес. Ақша бағамының құлдырауы, Covid-19 пандемиясы кезінде де саланың қарқынын баяулатқан жоқ", – деді ол.
Бұл пікірмен "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова да келіседі. Ол соңғы жылдары Қазақстанда құрылыс саласы қарқынды дамымаса да, баяуламағанын тілге тиек етті.
"Тұрғын үй құрылысы қазіргі таңда – еліміздің дамуының драйверлерінің бірі. 2005-2011 жылдары Қазақстанда жыл сайын шамамен 5-6 миллион шаршы метр құрылыс салынды. Пәтер санымен есептесек, бұл – жылына 40-50 мың пәтерге тең. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 17 миллион шаршы метр немесе 151 мың пәтер мен 41 мың жеке тұрғын үйге жетті. 2022 жылы 15,4 миллион шаршы метр, яғни 131 мың пәтер мен 36 мың жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Біз қазір тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Соңғы үш жылда салынған пәтерлер саны ең жоғары мәнге ие болды", – деді Ләззат Ибрагимова.
Қазақстандықтардың сұранысына орай, Отбасы банк соңғы жылдары жаңа да түрлі жобаларды іске қосып келеді. Солардың бірі – "Жасыл ипотека" пилоттық жобасы қазір Қазақстанның 6 өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында елордада бой көтеріп жатқан 6 тұрғын үй кешенінен баспана алуға болса, оларда мыңнан астам пәтер бар. Алматыда тағы 2 тұрғын үй кешені жобаға қатысып жатыр. Ал ШҚО, Абай, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласында "Жасыл ипотеканың" талаптарына сәйкес келетін бір-бір тұрғын үй бар.
Сонымен қатар, Отбасы банкінде жеті жылдан бері "Өз үйім" тұрғын үй бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Оның көмегімен қазақстандықтар бүгінге дейін 22 446 баспана алып, қоныс тойын тойлаған.
"Біздің банк тұрғын үй нарығымен қатар дамып келеді. Өткен жылдан бастап біз түрлі сегменттерді нысанаға алып жатырмыз. Әрбір бағдарламаның мақсатына сәйкес түрлі құралдар қолданылады. Мысалы, "Өз үйім" бағдарламасын жүзеге асыру аясында 7 пайыз мөлшерлемемен (ЖТСМ 7,2%) заем береміз. Бастапқы 50% жарнаны құйған кез келген адам бұл бағдарламаға қатысуға өтініш бере алады", – деді Отбасы банкінің төрайымы Ләззат Ибрагимова.
"Өз үйім" бағдарламасы бойынша жылына орта есеппен 4 мың несие рәсімделеді. Биыл заемның басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындарына берілді.