Жамбыл облысы Ақтоған ауылының оқушылары мәдениет үйінде білім алып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Себебі, білім ошағының құрылысы әлі бітпеген. Нысанға 600 бала әрең сыйып отыр. Елді мекен жұрты бұл жағдай білім сапасына кері әсер етеді деп қынжылады.

Ал мектеп басшылығы амалдың жоқтығынан осындай қадамға бардық дейді.

Дәлізінде дәріс, сахнасында сабақ өткен мәдениет үйі мектепке айналған. Аудан басшылары 648 оқушыны 33 сыныпқа сыйдырудың амалын таппай әлек болыпты. Амалсыз осындай аядай жерді шымылдықпен бөліп сидыруға мәжбүр.

"Мәдениет үйінің дәлізінде үш оқу кабинеті жасақталды. Мына жерде 4 "Ә" сынып және 2 "А" оқиды. Екі сынып, біреуі түске дейін, біреуі түстен кейін. Екі ауысымда. Бұл жерде 4 "А" оқиды. Бізге құрылыс материалдар берілді. Білім бөлімі тарапынан. Өзіміздің тарапымыздан қажетінше өзгертіп ыңғайлап жасап жатырмыз", – деді №4 Тілеміс батыр орта мектебінің директоры Ілияс Жүнісжанов.

Ал ауылдықтар құрылысы кеш басталған оқу орнының ахуалына кіжінеді. Жұрт айтқан мектепте қазір бала емес құрылысшылар қаптап жүр.

Ал мердігер компанияның өкілдері келісімшарт бойынша кестеден қалған жерім жоқ, қайта күн бұрын бітіруге жанталасып жатырмыз дейді. Жұмыс барысындағы жылдамдық сапаға еш әсер етпейді деп сендіреді.