Құрылтай – қоғам мен билік арасындағы сенімді диалогтың жаңа институты
Сарапшы Құрылтай тиімді әрі нәтижелі платформаға айналуы үшін оның құрамы қоғамның әртүрлі салаларынан шыққан кәсіби және білікті мамандардан жасақталуы қажет деп есептейді.
"Құрылтай депутаттары халықтың түрлі әлеуметтік топтары мен санаттарымен диалог жүргізу жүйесін жетілдіріп, жаңа заңнамалық актілерді әзірлеу барысында азаматтардың нақты сұраныстары мен күтілімдерін ескеруі тиіс. Бұл үшін қоғам тарапынан түскен ұсыныстар мемлекеттік органдар деңгейінде де, қоғамдық ортада да талқылануы маңызды. Оның үстіне, "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы секілді тиісті заңнамалық негіз бар. Ұсыныстар хаттамаларда бекітіліп, олардың орындалуы тұрақты түрде бақылауға алынуы қажет. Сонымен қатар ашық әрі түсінікті кері байланыс тетіктерін қалыптастыру маңызды: азаматтар өз пікірінің билік шешімдеріне шынайы әсер етіп отырғанын көруі тиіс", – деді Алтынай Кобеева.
Маманның айтуынша, Қазақстан қоғамы әлеуметтік тұрғыдан біркелкі емес. Дегенмен әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде көпбалалы аналар, егде жастағы азаматтар, мүгедектігі бар тұлғалар, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар үшін мемлекеттік әлеуметтік қолдауға кепілді қолжетімділікті қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіру қажет.
"Бұл ретте әлеуметтік қолдауды әлеуметтік масылдықпен теңестіруге болмайды. Әлеуметтік әділеттілік қағидатына сай, барлық қолдау шаралары барынша нысаналы болуы және шын мәнінде мұқтаж азаматтарды қамтуы тиіс. Аталған қағидаттар осал топтарды қорғауға, азаматтық бастамаларды қолдауға, ресурстарды бөлудегі ашықтықты арттыруға бағытталған заңдар арқылы көрініс табуы мүмкін. Ал институционалдық деңгейде бұл қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауды күшейтуді, мемлекеттік органдардың көрсетілетін қызметтердің сапасы мен әділдігі үшін жауапкершілігін арттыруды білдіреді", – деді ол.
"Ақпараттық-ресурстық орталық" қоғамдық қорының жетекшісінің сөзінше, қоғамның саяси мәдениетін арттыру бағытында Ұлттық құрылтай қоғамдық санаға нақты ықпал ете алады. Бұл саяси партиялар, ұсынылып отырған жаңа алаң – "Қазақстанның Халық Кеңесі" арқылы жүзеге асуы мүмкін. Еліміздің көпэтносты сипатын ескерсек, әртүрлі этностардың өкілдігі жалпыұлттық келісім мен бірлікті нығайтуға ықпал етеді. Атап айтқанда, 42 этномәдени бірлестік, 42 ірі үкіметтік емес ұйым және 42 мәслихат өкілінің қатысуы ұсынылып отыр.
Сонымен қатар өңірлік қоғамдық кеңестер, әр деңгейдегі мәслихаттар, қоғамдық кеңестер мен елдің жоғары заң шығарушы органы жанындағы Қоғамдық палата сияқты институттар маңызды қоғамдық мәселелер бойынша азаматтардың пікірін ескеруге мүмкіндік береді. Тұрақты ашық пікірталастар, ағартушылық және түсіндіру жұмыстары адамдардың саяси үдерістерді тереңірек түсінуіне жол ашып, белсенді әрі жауапты азаматтық мәдениетті қалыптастырады.
"Бұл бастамалар басқарудың жаңа тәсілін қалыптастыруға арналған берік институционалдық негіз қалайды. Ол үшін Президент ұсынған құрылымдардың – Құрылтай мен Кеңестің – сапалы құрамын қамтамасыз ету аса маңызды. Ең бастысы, қоғам жаңа институттарға сенуі керек: өзгеріс тек атауында немесе формасында емес, мазмұнында болуы тиіс. Иинституттар ашықтықты, есептілікті, билік пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды және азаматтардың мүдделерін қорғауды жүйелі түрде күшейтуге бағытталуы қажет", – деді Алтынай Кобеева.