"Асыл тас" қоғамдық қорының 2021 жылғы стипендиясын кімдердің иеленгені белгілі болды. Сондай-ақ, қор құрушысы Дулат Тастекеев қуаңшылық кезінде Маңғыстау шаруаларына қол ұшын созған Құрмет Талапқазыға үй алу үшін қаржы бөлді. 

Қазақстандықтар Шымкент қаласының тұрғыны Құрмет Талапқазыға баспана сыйлау үшін қаржы жинап берді. Ол қуаңшылықтан мал қырылып жатқанда Маңғыстауға 6 вагон шөп жолдаған болатын. Осылайша екі күні ішінде 9 миллион теңге жиналды. Сондай-ақ, меценат Дулат Тастекеев өз атынан Құрмет Талапқазыға 9 миллион теңгенің сертификатын табыстады. 

"Екі жарым күннің ішінде біз ойлағаннан артық қаржы жиналды. Осымен, Құрмет бауырымызға ақша жинау тоқтатылады. "Көп түкірсе көл" деген. "Елге көмек бер", "Алматы-70" тобына ерекше алғысымды айтамын. Қадірлі ағайын, сіздердің арқаларыңызда қазақтың бір баласы жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алады, бұйырса. (...). Дүйсенбі күні Шымкентке барып, Құрметпен бірге үй іздейміз. Ағайын, жасаған сауаптарыңыз өздеріңізге мың еселеніп қайтсын!" – деді журналист Мақсат Толықбай. 

Loading...

Сондай-ақ, Дулат Тастекеевтің "Асыл тас" қоғамдық қоры стипендиясының иегерлері белгілі болды:

  • "Әдебиет" аталымының жеңімпазы – ақын Айнұр Төлеу;
  • "Спорт" атылымының жеңімпазы – Елдос Сметов;
  • "Журналистика" аталымының жеңімпазы – Данияр Әлімқұл;
  • "Ғылым" аталымының жеңімпазы – физик Сымбат Бөлегенова. 

Сондай-ақ, арнайы стипендияға режиссер Мұрат Есжан да ие болды. 

Шығыс Қазақстанда дүниеге келіп, сол өлкенің дамуына үлес қосқан азаматтарға берілетін "Тарбағатай тарланы" марапатына президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, 31 арна ақпараттар департаментінің директоры, журналист Болат Мүрсәлім және грек-рим күресінен әлем чемпионатының бес дүркін чемпионы Алмат Кемісбаев лайық деп танылды. 

Ал әр салада ерекшеленген азаматтарға берілетін "Асыл тас" төсбелгісін 2000 жылғы "Сидней" олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов, ақ халатты абзал жан Жайна Үсенғазықызы, ақын Бақыт Беделхан мен Мақпал Мыса және радионың ардагер қызметкері Арыз Әнуарбекұлы иеленді.