Құны 200 миллиард теңге: Қызылордада ЖЭС құрылысы қалай жүріп жатыр
Кейінгі жылдары өңірге отандық және шетелдік инвесторлардың да қызығушылығы артқан.Қызылордада құны 200 миллиард теңгеден асатын жылу электр станциясының құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Инвестор қаражатына салынып жатқан ірі жоба келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жалпы, өңірде өзге де салаларды дамытуға күш салып жатырмыз дейді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев. Мәселен биыл өндіріс көлемі артып, жергілікті бюджет еселеп артқан.
Журналистер алдында есеп берген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуға ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, биыл облыс қазынасы екі есеге артып, 744 миллиард теңгеге жеткен. Мұны ол өңдеу өнеркәсібінің дамуымен байланыстырады. Ал қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік салалардағы мәселелерді шешуге жұмсалған екен. Мәселен жол, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
"Мемлекет басшысының, үкіметтің қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналып жатыр. Кейінгі екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке тұрғын үй салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39,1 млрд теңге қаралды", – деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен қатар кейінгі жылдары өңірге отандық және шетелдік инвесторлардың да қызығушылығы артқан. Қазірдің өзінде 1,5 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылған екен. Шетелдік компания қаражатына салынып жатқан жобалардың ең ірісі жылу электр орталығы.
"Бүгінде инвестор "Акса энерджи" түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына 127 миллиард теңгеден астам инвестиция салды. Жаңа жылу электр станциясы тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаражатына салынған ең ауқымды теңдессіз жобалардың бірі. Келер жылы ел игілігіне табысталады. Сонымен қатар Қызылорда облысы диқандарының елдің 90 пайызын күрішпен қамтып отырғаны белгілі. Биыл егіншілердің қамбасы астыққа толды", – дейді облыс басшысы.
Оның айтуынша, белгіленген аумақтың әр гектарынан 58 центнер өнім жиналған. Бірақ тіршілік нәрінің тапшылығы да жыл сайын күрделеніп келеді. Сондықтан шаруалар суды үнемдеудің түрлі технологияларын қолданып жатыр екен.