Бүгінде 1209 тұрғынның есепшотына төлемақы аударылды. Оның 451-і жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін, 758-і тұрғын үй сатып алу немесе үй құрылысын салу үшін төлемақы алды, деп хабарлады Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы

Комиссия қорытындысы бойынша үйі бағаланып, қорытындысы шыққан тұрғынның бірі зейнеткер Дариға Ағысова. 

"Комиссияның шешімімен үйіміз бұзылатын болды. Хабарлама келген соң қаражат ертесіне аударылды. Осы қаражатқа алдағы уақытта үй сатып алғымыз келеді. Биыл салынғанына 10 жыл болған үйіміз суға кеткенде аяқ-жолды алып жүретін мүмкіндік болған жоқ. Құжаттарымызды ғана түгендеп ала алдық. Болашақта барлығы қалпына келеді деп үміттенеміз. Бұзылған үйдің орны өз иелігімізде қалатын болды. Су тасқыны болып жатқанда Маңғыстау облысындағы туыстарымыздың үйіне отбасымызбен уақытша көштік. Ол жерде бірнеше уақыт болып, су сейілген соң қайта келдік", – деді зейнеткер. 


Оқи отырыңыз: Бектенов су тасқынынан үйлердің шығындарын бағалауды апта соңына дейін аяқтауды тапсырды


Үйі бұзылатын тұрғындардың қатарында Ерболат Таңқив те бар. Оның айтуынша, ауласындағы үйі мен автогаражын түгелдей су басқан. 

"Ең алдымен залалсыздандыру жұмыстарына өтініш бердік. Үйдің қабырғасы жарылып, судың әсерінен еден көтеріліп кетті. Бағалаушылар мен техникалық зерттеу мамандары да үйдің жағдайын көрді. Мүлікті бағалаушылар да келді. Содан соң комиссияның шешімімен үйіміздің бұзылатындығы туралы хабарлама алдық. Үйді бұзуға 45 күн мерзім беріледі екен, сондықтан үйді бұзу жұмыстарына кірісіп кеттім", – деді Ерболат Таңқиев.