Құлсарыда салынып жатқан мектептің төбесі опырылды. Оған не себеп болды
Атырау облысының Құлсары қаласында 1 200 орындық жаңа мектептің төбесі опырылып түсті. Оқиға 9 қыркүйек күні кешке болған. Нысан "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында салынып жатыр.
Samruk-Kazyna Construction компаниясының хабарлауынша, мектепті Turan Ascent ЖШС тұрғызып жатыр. Жоспар бойынша нысан 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуге тиіс.
Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа құрылыс материалдарын сақтау талаптарының бұзылуы себеп болған. Компанияның түсіндіруінше, спорт залының шатырына салмағы 6 тоннадан асатын ауыр материалдар қойылып, ғимарат конструкциясына зақым келген.
Оқи отырыңыз: Атырауда көше кезіп, далада түнеп жүрген 14 жастағы жеткіншектің жағдайы жұрттың жағасын ұстатты
Қазір оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Сонымен қатар жобалық шешімдердің сәйкестігі мен конструкциялардың беріктігі бойынша сараптама жүргізіледі.
Samruk-Kazyna Construction компаниясы анықталған бұзушылықтар мердігер тарапынан жойылатынын мәлімдеді.