Қазақстанда 6 293 ауылдық елді мекен бар, оның ішінде 2800-дей ауылдың даму әлеуеті төмен. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет кулуарында айтты.

"50 және одан да аз адам тұратын, айтарлықтай алыс жерлердегі ауылдар бар. Ол жақтарға қымбат тұратын көлік жолдарын тартып, шағын жинақты мектеп тұрғызу қисынсыз. Ресурс барлығына бірдей жетпегендіктен, рационалды тұрғыда қарап, кей жерлерде мектепті бірнеше ауыл қарайтын ауылдық округтің орталығына салып, оқушыларды тасымалдау тиімдірек болуы мүмкін. Сонымен қатар емханаларды да сондай ауылдар жақын орналасқан тірек ауылдарға салуға болады. Қазір елде 3500 тірек және спутниктік ауыл бар. Бұл ауылдарда 7,8 млн жуық адам тұрады", – деді Әлібек Қуантыров.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда 50 немесе одан аз адам тұратын 1 мыңға жуық ауыл бар. Олардың басым бөлігі Солтүсті Қазақстан, Қостанай, Ақмола облысы сынды солтүстік облыстарда орналасқан. 


Оқи отырыңыз: Екі ауылға – бір медбике: Жамбыл облысының елді мекендерінде жедел жәрдем жоқ


Әлібек Қуантыров мұндай әлеуеті төмен ауылдардың ел картасынан жойылып кетуі қалыпты процесс екенін айтты.

"Соңғы 15 жылда шамамен 1 мың ауыл бір жерлерде пайда болып, бір жерлерде жойылып жатыр. Себебі адамдар табиғи түрде ауылдан көшіп жатыр. Жартысы қалаға, жартысы басқа ауылдарға, аудан орталықтарына көшіп кетеді. Кей жерлерде, керісінше, жаңа ауылдар пайда болып жатады. Ал кей ауылдар жойылып кетеді. Бұл қалыпты процесс", – деп түсіндірді министр.

Министрдің дерегінше, соңғы 15 жылда ауыл халқының саны 47 пайыздан 40 пайызға төмендеген. Бірақ халық саны да өсіп жатқандықтан, ауылдағы адамның саны өзгермеген.