Қосанов мемориалы: Қазақстандық жеңіл атлеттер бірінші жарыс күні қанша медаль иеленді
Алматыда жеңіл атлетикадан Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық жарыстардың бірі – XXXIV Ғұсман Қосанов мемориалы басталды. Алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар бірнеше медаль жеңіп алды, деп хабарлады Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі.
400 метрге жүгіруден Александра Залюбовская (54.04), сырықпен секіруден Иван Товченик (5.40 м) және биіктікке секіруден Надежда Дубовицкая (1.84) алтын медаль иеленді.
Күміс жүлдегерлер қатарында Виктория Ан (100 метр, 12.02), Әділ Омарбеков (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру, 52:97), Аделина Земс (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру, 57.85) және Ақбілек Құралбай (1500 метр, 4:37.0) бар.
Сондай-ақ, 4×100 метрге жүгіру эстафетасында Қазақстан ерлер құрамасы (Виталий Земс, Алмат Төлебаев, Дамил Сүтжанов және Әділ Омарбеков) күміс медальға қол жеткізді. Ал әйелдер эстафетасында Виктория Ан, Мария Ефремова, Аделина Земс пен Александра Залюбовскаядан құралған "Қазақстан-1" командасы екінші орыннан көрінді. Арина Мишеева, Кристина Ермола, Валерия Сафонова мен Алина Чистякова төрттігі ("Қазақстан-2" командасы) үшінші орынға көтерілді.
Турнирдің қола жүлдегерлері: Иван Иванов (ядро итеру, 19.12), Евгений Лабутов (диск лақтыру, 56.05), Надежда Богданова (ядро лақтыру, 11.38), Елнұр Мұхитдинов (400 метр, 47.50), Игорь Хрунин (1500 метр, 3:55.18).
Айта кетелік, Ғұсман Қосанов мемориалы World Athletics Continental Tour Bronze Level санатына енген халықаралық маусымдағы маңызды жарыстардың бірі саналады.
Биыл турнир 2-3 тамыз аралығында Олимпиадаға даярлау орталығында өтіп жатыр. Жалпы есебі 17 мемлекеттен 214 спортшы қатысуда.
Жарыс барысында спортшылар қыркүйек айында Жапонияда өтетін әлем чемпионатына рейтингілік ұпайлар жинайды.
Турнирдің бас демеушілері: ҚР Туризм және спорт министрлігі, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ және Sport Qory туризм және спорт индустриясын қолдау қоры.