"Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы 24 сәуірден бастап қайта іске қосылды. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Данияр Жаныс хабарлады.

Орталық коронавирус пандемиясына байланысты 3 жыл бұрын жұмысын тоқтатқан еді. Қазір ол бұрынғыдай аптасына жеті күн сағат 7.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейді.

Басқарушы компанияның хабарлауынша,бекетте автобустар 20 минуттық интервалмен жүреді. Жүк қабылдау пункттері тауарларды кешкі 17.30-ға дейін қабылдайды. Қытай бөлігіндегі сауда орталықтары Алматы уақыты бойынша 17.30-ға дейін жұмыс істейді.


Оқи отырыңыз: "Қорғас" бекеті 3 жылдық үзілістен кейін қайта ашылады


Еске салайық, "Қорғас" бекеті – Қазақстан мен Қытай тараптарының өкілдері саудамен айналысатын орталық. Бұл жердегі баға нарықтан бірнеше есе арзан болғандықтан, бұрын орталыққа ағылушылар көп болатын.