Қазақстанда қонақүйлерді жіктеу жүйесінің (жұлдыз беру) бірыңғай тәртібі әзірленді. Дегенмен, алдымен заңнамаға тиісті өзгертулер енгізу қажет. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектеновтің мәжіліс депутаттарына берген жауабында жазылған. 

"Қонақүйлерді жіктеу сапасы бойынша Қазіргі уақытта қонақүйлерді жіктеу жүйесі (жұлдыз беру) ерікті түрде жүзеге асырылады және ескірген стандарттарға негізделген. Сонымен қатар жалған жіктеу үшін жауапкершілік көзделмеген. Аталған жүйені ретке келтіру мақсатында Азия даму банкінің қолдауымен жаңа стандарттарды, процесті цифрландыруды және ұлттық үйлестіруші орган құруды қамтитын Біртұтас жіктеу жүйесі әзірленді. Заңнамаға өзгерістер енгізу бастамасы көтерілді (түзетулер Мәжілісте қаралуда), олар қабылданғаннан кейін сапа стандарттары мен бақылау тетіктерін нақты айқындайтын жаңа жіктеу қағидаларын бекіту жоспарлануда", – делінген жауапта. 

Еске салайық, Kazakh Tourism мәліметінше, бүгінде Қазақстандағы қонақ үйлердің тек 5,7% ресми жұлдызды санатқа ие. Бұл – сапалы қонақ үй қызметтеріне заманауи сұраныс аясында өте төмен көрсеткіш. Оған классификациядан өтуге ынталандырудың жоқтығы, аудиторлардың біліктілігіне қойылатын талаптардың жеткіліксіздігі және оның әсерінен сапаны объективті бағалаудың қиындау себеп болып отыр. 

"Жаңа стандарт нәтижелі жүзеге асуы үшін Kazakh Tourism жүйенің бірегей операторы ретінде ұсынылады. Біз Қазақстан қонақүйлерінің жаңа стандартпен барынша қамтылуын қамтамасыз етеміз. Соңғы 3-4 жыл ішінде әзірленген жаңа қонақүй стандарты ерікті негізде, бірақ маңызды шектеулері болады. Біздің мақсатымыз – қызмет көрсету сапасын жақсарту және қазақстандық қонақүйлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Біз туристердің сенімін арттыруға және жүйенің ашықтығына баса назар аударамыз", – деген болатын биылғы мамырда Kazakh Tourism басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.