Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент директоры Ерлан Сапаров елде неліктен қызметкерлері парамен ұсталған басшылардың отставкаға кетпегенін түсіндірді. Айтуынша, олардың қызметкеріне қатысты жаза түрін таңдауға құқығы бар.

"2019 жылдың 10 желтоқсанынан бастап қоластындағы қызметкері үшін 264 мемлекеттік қызметкер жазаланды. Ал биыл 9 ай ішінде тоғыз саяси мемлекеттік қызметкер отставкаға кету туралы өтініш берді. Соның 3 жағдайында отставка қабылданды. Ал қалған 6 жағдайда отставка туралы өтініш қаралмады. Десе де осы алты жағдайдың бесеуінде мемлекеттік қызметкерлер әртүрлі жауапкершілікке тартылды", – деді Ерлан Сапаров.

Мұнымен қатар, департамент директоры отставканың орнына тәртіптік жауапкершілікке тарту шарасын қолдануға болатынын айтты.


Оқи отырыңыз: Ұшақ апаты, қуаңшылық, қоймадағы жарылыс. 2021 жылы елді елеңдеткен 15 оқиға


"НұрСұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мұндай факті болды және оған қатаң сөгіс жарияланды. Отставканы қабылдау немесе одан бас тарту тәртібі бекітілген. Яғни саяси мемлекеттік қызметкерлердің қоластындағы азаматтардың жемқорлық фактісіне байланысты отставкасын қабылдамауға құқығы бар. Мұның орнына олар тәртіптік жауапкершілікке тарту шарасын қолдана алады", – деп түсіндірді департамент өкілі.

Сондайақ, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасының орынбасары Марат Дауешов басшы басқа өңірге ауысқанда соңынан экскомандасын ертіп баруға құқығы жоқ екенін атап өтті.

"2016 жылдан бастап мемлекеттік қызметке қатысты заңға өзгерістер енгізіліп келеді. Ол жерде мемлекеттік қызметтің карлералық модельдері де қарастырылған. Осылайша бізде командалық ауысымға 100% тыйым салынды. Адам бұрынғы басшысының соңынан мемлекеттік қызметке бара алмайды. Бұл үшін ол конкурсқа қатысып, іріктеуден өтуі қажет", – деді Марат Дауешов. 

Еске салсақ, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова бірінші президенттік жастар кадры резервіне енгендердің 63%-ы жұмыспен қамтылғанын мәлімдеді. Қалғандары ұсынылған жұмыс ұнамағандықтан бас тартқан.