Қоғамнан жырақ қалған отбасы: Жамбыл облысында "Маугли" жігіттер табылды
Ағайындылар еш жерде тіркелмеген.Жамбыл облысында жергілікті жұрт "жабайы" адамдар атап кеткен ерекше отбасы табылды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қоршаған ортадан жырақ ғұмыр кешкен ағайындылар еш жерде тіркелмеген. 30 жылдан бері төрт қабырға ішінде қамалып өскен. Біреуі тілсіз, бірі ақыл-ессіз. Ал төсек тартып қалған аналарының денесі іріңдей бастаған.
"2003 жылы жүйке аурулары диспансерінде ем алдым. Інім де сонда болды. Олар бізге қысым көрсетті. Мен ол жерге оралғым келмейді. Алға қойған мақсатым да жоқ. Маған жұмыс берсеңіздер болды", – деді Тараз тұрғыны Иван Герусов.
Жұрт аузында "Маугли" аталып кеткен бұл азаматтарға анасы күтім жасаған. Бірақ көптен бері төсек тартып, қарт кісіні еріктілер ауруханаға жеткізген. Аналарының екі аяғы құрттап, денесі іріңдей бастаған.
Үш жыл бұрын үй ішін тазалаған еріктілер биыл тағы бас сұғып адам төзгісіз күйді көрген.
"Біз мұнда келгенде есімізден танып қала жаздадық. Үйдің ішінде түк жоқ, қабырғалары қап-қара болды. Біз "Мауглиді" кейін таптық. Ол бақшаның артында жүр екен. Шашы өсіп кеткен, белінен асады. Сосын оны жуындырып, адам қатарына қостық. Ақша жинап, керек-жарақтарын алып бердік. Енді тағы да қайырымды жандардан көмек күтеміз", – деді еріктілер тобының басшысы Виктория Колченкова.
Белгілі болғандай екі жігіт еш жерде тіркелмеген.
"Анасы емханадан шыққан соң қамқоршылыққа тағайындау құжатына көмек беріледі. Бала әрекет істеуге қабілеті жоқ деп танылса, жәрдемақы төлейміз. Тағдыры тағылық өмірге айналған отбасы қамқор жандардың көмегіне зәру", – деді Тараз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гаухар Олжабаева.