Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың аса ірі мөлшерде ақша жымқырумен байланысты алаяқтық әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

Бапасөз қызметінің мәліметінше, Алмасбек Садырбай басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деген күдікке ілінді.

"Негізгі мақсат – ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу. Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды. Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді", – делінген хабарламада.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды.

"Осылайша 1,2 миллиард теңгеден астам қаражат ұрланған. Алмасбек Садырбай ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамаққа алынды", – делінген хабарламада.