Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Еуропаның бірқатар елінде Құран Кәрімді өртеу оқиғаларын сынға алды. Діни басқарма мұндай шектен шыққан әрекетке алаңдаушылық білдіреді және бассыздыққа жол берген жандардың ісін қатаң айыптайды, сонымен қатар азаматтарды бүлікшілердің арандатуына алданып қалмауға үндейді.

"Жер бетіндегі барша мұсылман баласы үшін қасиетті де қастерлі болған Құранды өртеу – шектен шығудың ең үлкені. Бұл – адамгершілікке мүлде жат іс. Олар өздерінің сорақы әрекетімен бүкіл әлемге бүлік салуды көздейді. Адамзатты екі дүние бақытына жетелейтін Құранды өртеген жандарды Алланың әділ үкіміне тапсырамыз. Алланың сөзін қорлағандар Оның қатты азабына ұшырайтыны ақиқат. Бүлікшілер өрескел ісімен өздерінің адамға тән болмысын қорлауда. Масқара әрекетімен өздері масқара болуда", – делінген ҚМДБ үндеуінде. 

Діни басқарманың мәлімдеуінше, қасиетті Құранды құрметтеген адам Алланың құрметіне бөленеді. Қасиетті кітапты кемсіткен кісінің амалы Алланы кемсіткенмен тең. Құранды сақтаушы да, қорғаушы да бір Алла.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Құранды өртеу – мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіретін арандатушылық әрекет