ҚМДБ Меккеге апаруға уәде етіп, алдап соққан туркомпания басшысына қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республиканың бірнеше аймағынан жүзден аса азаматты ұмраға алып барамын деп ақша жинап, уәдесін орындамаған Jazera travel компаниясының басшысы Ырыскелді Мейіржанға қатысты мәлімдеме жасады. Оған сәйкес, Мейіржан Бауырұлы ешқандай діни қызмет атқармаған және мешітте наиб имам болып жұмыс істемейді.
ҚМДБ түсіндіруінше, Алматы облысының Іле ауданындағы "Сәбденұлы Өтеген батыр" мешітінің наиб имамы Тамашбеков Марсельге Jazеra travel компаниясының басшысы Мейіржан Бауырұлы ұмра сапарына ниет еткен жандарға дәріс өтіп беру жөнінде өтініш жасаған. Наиб имам діни құлшылықты түсіндіру мақсатында өтініштерін қабыл алып, екі рет сабақ өткізген. Дәріс соңы сұрақ-жауап негізінде жалғасып, наиб имам Jazеra travel компаниясының қызметі жайлы білген ақпаратымен де бөліскен.
"Jazеra travel компаниясына қатысты даулы мәселе құқық қорғау органдары тарапынан тексерілуде. Наиб имамның аталмыш мәселеге қатысы бар-жоғы анықталу үстінде. Осы ретте бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тексерілмеген мәліметтерді таратпауын сұраймыз. Соңғы кезде қоғамда ұмра сапарын ұйымдастырушы кейбір турфирмалардың күмәнді іс-әрекеттеріне қатысты шағымдар көбеюде. Осы орайда ұмраға баратын азаматтарға қызмет көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аталмыш турфирмалар жауапкершілігінде екенін еске саламыз", – делінген діни басқарманың мәлімдемесінде.
Оқи отырыңыз: Енді қажылыққа барамын деген адам екпе алуға міндетті
Еске салайық, бұған дейін Polisia.kz Алматыда қажылыққа қатысты алаяқтықтың беті ашылғанын хабарлаған болатын.
"Бұл қылмысты жасады деген күдікпен Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Ол өзін туристік фирманың басшысы ретінде таныстырып, умраға қажылыққа жөнелту бойынша қызмет көрсететін жалған келісімшарттар жасаған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктіге кемінде төрт адам көмектескен. Олардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға берілетін болады. Күдікті қамауға алынды. Полицияға 33 адам ресми арызбен жүгінді. Қылмыстық іс алаяқтық дерегі бойынша тергелуде", – деп хабарлады Polisia.kz.