Қазгидромет: Алматыға биыл көктем ерте келеді
Наурызда күн 15°С-қа дейін жылынады.Алдын ала болжам бойынша Алматыда көктем ерте шығады. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн брифингте "Қазгидромет" РМК Гидрология департаментінің директоры Әділ Ахметов хабарлады.
Оның сөзінше, наурыздың бірінші онкүндігінде ауа температурасы +2+7°С, күндіз +10+15°С дейін көтеріледі деп күтіледі. Орташа алғанда ауа температурасы климаттық нормадан 1 градусқа жоғарылайды.
Әділ Ахметов Алматыда ауа толқындарында жылылық сезіліп, ауа температурасы айтарлықтай көтеріліп келе жатқанын айтты. 1976 жылдан бастап орташа жылдық температура әр 10 жыл сайын шамамен 0,5°С-қа көтеріліп келеді. Алматыда температурасы нөлден төмен және айтарлықтай аязды (минус 20°С төмен) күндер саны азайып, 30 35 °С-тан жоғары ыстық күндер саны артады.
"Наурыз айындағы орташа айлық температураның нормасы – 2,7° C. Наурызда күннің бірден жылынуы – жағымсыз құбылыс. Дәл осы айда ауа температурасының қатты жоғарылау үрдісі байқалады. Мұндай кезде қыс бойы қордаланған қалың қардың бірден еру қаупі жоғары. Сондай-ақ, Алматыда жылу толқындарының қайталану жиілігі артып келеді. Сондықтан қыстың соңы мен көктемнің басында ауа температурасының күр жылынуынан қауіп артады", – деді Қазгидромет өкілі.
Оқи отырыңыз: "Шілдеде" неге қырық күн? Қазақ халқының ауа райы болжамдары
Ақпан және наурыз айларында ауа температурасының күрт көтерілуі және қатты жаңбыр салдарынан еріген жаңбырлы су тасқыны болуы мүмкін. Алматының оңтүстік жартысында ақпан айында жауатын жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп болжанып отыр.
Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгерген жағдайда "Қазгидромет" 2-3 күн бұрын су тасқыны қаупі туралы ескертеді.
Алматы қаласы бойынша 2023 жылдың наурыз айына арналған толығырақ болжам 15 ақпанда жарияланады.