Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің қоры құрылды
Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы Мұхтар Мағауин қоры құрылды. Бұл туралы ирантанушы журналист Қуанышбек Қари хабарлады.
"Мұхтар Мағауин қоры ресми түрде іске кірісті. Қордың желідегі парақшасы да ашылды. Бұл жазушының мұрасы, шығармашылығы туралы ой-пікір, лебіз, естеліктерді де бөлісуге қолайлы. Әлеуметтік желіде, ғаламтор дүниесінде жазушы туралы жазбаларда қорды атап, тэгтеп қоюға болады", – деп жазды Қуанышбек Қари.
Қордың мақсаты – Мұхтар Мағауиннің шығармашылығын сақтау, зерделеу және әлемдік деңгейде таныту. Қор зерттеу, аударма, баспа және мәдени жобаларды жүзеге асырады.
Еске салайық, Мұхтар Мағауин 2025 жылы қаңтарда 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Мұхтар Мағауин – Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Түркияның Халықаралық "Түрік дүниесіне қызмет" сыйлығының иегері, Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі.