Қазақстанның солтүстік өңірлерінде көктайғақ тұрғындарды әбігерге салды
Әкімдіктегілер коммуналдық қызметкерлер күні-түні тыным таппай жұмыс істеп жатқанын айтады.Қазақстанның солтүстігінде көшелер мұз айдынына айналды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Петропавл тұрғындары қар аралас жаңбырдан кейін жолдарға құм себілмей, қалада қозғалыс қиындады дейді. Аймақта жылтыраған жолда құлап мерттіккен жандар да, жол апаты да жиілеген.
Ал жергілікті билік көшелерге құм-тұз қоспасы себіліп жатыр деп отыр. Бірақ бұл жұмыстар нәтиже бере қоймағанға ұқсайды. Сондықтан қазақстандық ғалымдар өздері ойлап тапқан көктайғаққа қарсы жаңа материалды қолдануға кеңес береді.
"Өте тайғақ, жүре алмаймыз. Осы мұздың жатқанына бес күн болды, бір де бір рет көшені тазалап жатқанын көрмедім", – деді қала тұрғыны.
Жүргізушілер де көктайғаққа қарсы қарекет қылмаған шенеуніктерге өкпелі. Себебі, жылтыр жолда бір-бірімен соқтығысып жатқан көліктер көп. Шаһардың шыға берісіндегі трассалардағы көрініс те көңіл көншітпейді дейді көлік иелері.
Алайда әкімдіктегілер коммуналдық қызметкерлер күні-түні тыным таппай жұмыс істеп жатқанын айтады.
"Күндізгі уақытта да, түнгі уақытта да техникалар жұмыс істеп жатыр. Көшені қардан тазалап жатыр. Сосын құм-тұз қоспасын да сеуіп жатырмыз. Жалпы биылғы жылға бізде үш жарым мың куб метр қоспа дайындалған", – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.