Алматыда қытайлық Lynk & Co брендінің жаңа гибридті кроссовері Lynk & Co 08 моделінің жабық таныстырылымы өтті. Өндіруші бұл модельге 5 жыл немесе 150 000 шақырым жүріске дейін ресми кепілдік беріп отыр. 

Lynk & Co 08 моделі заманауи модульдік архитектура негізінде жасалған және интеллектуалды EM-P (Electric Motive Performance) гибридті жүйесімен жабдықталған. Көліктің қуат агрегаты 1,5 литрлік турбо-бензинді қозғалтқыш пен электрлі тарту күшінің үйлесімінен тұрады. Жүйенің жалпы қуаты 350 ат күшіне (257 кВт), ал ең жоғарғы айналу сәті 580 Н·м-ге жетеді. Көлік 100 км/сағ жылдамдықты небәрі 6,75 секундта алады, ал ең жоғарғы жылдамдығы – 215 км/сағат. Көлік қозғалысты электр қуатымен бастайды, бұл жүрістің бірқалыптылығы мен дыбыссыздығын қамтамасыз етеді.

Сыйымдылығы 39,6 кВт·сағ болатын тарту батареясы WLTC циклі бойынша тек электр режимінде 200 шақырымға дейін жол жүруге мүмкіндік береді. Ал гибридті режимдегі жинақталған жүріс қоры 1 100 шақырымға дейін жетеді, бұл модельді қала ішінде де, ұзақ сапарларда да өте тиімді етеді. Көлік жылдам қуаттау функциясын қолдайды: батареяны 30%-дан 80%-ға дейін толтыру үшін шамамен 28 минут жеткілікті, ал айнымалы тоқпен толық қуаттауға 4,5 сағаттай уақыт кетеді.

"Гибридті көліктер ендігі жерде "тар шеңбердегі" өнім емес, көптеген клиенттер үшін саналы таңдауға айналды. Адамдар үшін қала ішінде электр қуатымен жүре ала отырып, алыс сапарларда да еркін жүре алуы маңызды. Lynk & Co 08 EM-P моделі 200 шақырымға дейінгі электрлік жүріс пен 1 100 шақырымға дейінгі жалпы қорды ұштастырады. Дәл осындай тепе-теңдік бүгінгі нарықта ең сұранысқа ие нұсқа", – деді Қазақстандағы Lynk & Co дистрибьюциясының директоры Мұхамед Жәлилов.

Lynk & Co 08 моделінің сатылымы наурызда Астана мен Алматыдағы, сәуірде Шымкенттегі дилерлік орталықтарда басталады. Ал бірінші жартыжылдықтың ішінде бұл модель Қарағандыда да қолжетімді болады. Сонымен қатар, 2026 жылы Астана мен Алматыда брендтің жаһандық стандарттарына сай келетін ресми Lynk & Co шоурумдарын ашу жоспарланған.