Қазақстанның 16 миллионыншы тұрғыны атанған Бекзат Өскенбаев қазір 19 жаста, деп хабарлады 31 арна. Ол Семейде тұрады. 

Ол өзінің мұндай құрметке ие болғанын тек медициналық колледжді тәмамдағаннан кейін ғана білген. Қызығы, Бекзат – егіздің сыңары. Ол он алты миллиондық межені түйіндесе, оның бауыры 15 миллион 999-шы тұрғын атанған.

Егіздер 2004 жылы дүниеге келген. Олардың анасы Нұрлыхан Өскенбаева 19 жыл бұрын пәтер жалдап, қатты қиналғанын айтады. Ал Бекзат пен бауыры дүниеге келгенде, сыйлықтың астында қалған. Тіпті, халық санын 16 миллионға толтырған келіншекке жайлы баспананың кілті де берілген. 

Бүгінде 19 жасқа толған Бекзат Өскенбаев оқуын бітіріп, дипломын қолға алды. Енді әскерге баруды жоспарлап отыр. 

"Мен Қазақстанда 16 миллионыншы тұрғын болып дүниеге келдім. Ал бүгінде еліміздің халқының саны 20 миллионға жетіп жатыр. 20 миллионыншы зор денсаулық, мол бақыт, ашық аспан тілеймін", – дейді Бекзат Өскенбаев.