Қазақстанға оралған қандас дәрігерлер неге ота жасаудан шеттетіледі?
Дәрігерлер Қазақстандағы ота жасау әдістерінің тым ескі екенін айтады."Қандас" медицина мамандары қауымдастығына мүше дәрігерлер Қазақстанда өз білімі мен тәжірибесін қолдана алмай отыр. Оған себеп – Қазақстанда қолданылатын емдеу стандарттарының көбі ескі. Ал операция жасаудың жаңа тәсілдері хаттамада болмағандықтан, оларды қолдануға рұқсат етілмейді. Бұл туралы Egemen Qazaqstan жазды.
"Астана мен Алматы қалаларындағы емдеу ұйымдарында қызмет істеп жүрген қандас дәрігерлер бар. Бірақ ота жасау барысында қайшы көзқарастар жиі туындап жатады. Жергілікті дәрігерлер кейде оларға 2010-2015 жылдардағы, тіпті одан да көне ота жасау әдісін көрсетіп, сол әдіс бойынша ота жасауды талап етеді. Жаңа тәсілмен операция жасайық деген ұсынысқа: "Біздің хаттамада ондай емдеу әдісі жоқ" деп кері тартып тұрады. Халықаралық стандарттарды, яғни әлемде ортақ қолданысқа ие, ең жаңа үлгідегі емдеу және ота жасау әдістерін неге енгізбеске? Солардың негізінде Қазақстанның өз стандарттарын неге жасамасқа", – дейді "Қандас" медицина мамандары қауымдастығының төрағасы Жеңіс Қалиязымұлы.
Қауымдастық басшысының айтуынша, қазір Қазақстанда ҚХР-дан әр жылдары көшіп келген 150-ге жуық медицина маманы бар. Олардың бәрі дерлік Қытай ауруханалары мен емханаларында қызмет істеп, тәжірибе жинақтаған, тәлімгер ретінде шәкірт тәрбиелеген мамандар. Араларында ҚХР-да енгізілген ең жоғары біліктілік дәрежелері – халықаралық және мемлекеттік санаттарға ие дәрігерлер де аз емес.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның қай өңірлерінде және қандай сала дәрігерлері тапшы?
"Қазақстан медицинасын дамытуға мүмкіндік мол. АҚШ-та, Ұлыбританияда, Жапонияда, Еуропаның дамыған елдерінде, Қытайда жүрген қазақ дәрігерлері аз емес. Соларды маман ретінде шақырып, тәжірибе алмасуға әбден болады. Қытай, Жапония, Германиядағы ірі емханалармен байланыс жасап, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға да мүмкіндік табамыз. Қазір көптеген отандасымыз жергілікті дәрігерлерге сенбей, шетелге барып, ем қабылдап жүр. Бірақ, олармен бірге қаншама қаржы шетел асып жатыр", – дейді қауымдастыққа мүше қандас дәрігерлер.