Қазақстанға 9 мыңнан астам қандас оралды. Олардың көбі Өзбекстан мен Қытайдан келген
2025 жылдың басынан бері Қазақстанға 9 586 этникалық қазақ қоныс аударып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жалпы, 1991 жылдан бастап республикаға 1 млн 157,6 мың этникалық қазақ оралған.
Биыл келгендердің 45,7%-ы – Өзбекстаннан, 41,8%-ы – Қытайдан, 4,6%-ы – Түрікменстаннан, 2,7%-ы – Моңғолиядан, 2,6%-ы – Ресейден және тағы 2,6%-ы басқа елдерден келген.
Этникалық қоныс аударушылардың 58,7%-ы еңбекке қабілетті жаста, 32,3%-ы – балалар мен жастар, ал 9%-ы – зейнеткерлер. Жұмысқа жарамды қандастардың ішінде 15,4%-ы жоғары білімді, 29,7%-ы орта кәсіби, 52,3%-ы жалпы орта білімді, 2,6%-ының білімі жоқ.
Қоныстанушылар елдің түрлі өңірлеріне орналастырылып жатыр. Еңбек күші тапшы аймақтар ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтарға қосымша жұмыс істеуге рұқсат берілді. Негізгі жұмыс 8 сағаттан аспауға тиіс
2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. Оның ішінде 1 қыркүйекке дейін 1 467 этникалық қазақ қоныстанды.
Мемлекет оралмандарға әлеуметтік қолдау көрсетуде. Әр отбасы мүшесіне көшуге 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Сондай-ақ, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметке жылына 15–30 АЕК (58,9 – 117,9 мың теңге) аралығында жәрдемақы қарастырылған. Жыл басынан бері 594 қандас қолдау алып, оның ішінде 237 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Ерікті қоныс аударуды ынталандыру үшін жұмыс берушілерге қолдау тетіктері енгізілді. Сонымен қатар, экономикалық ұтқырлық сертификаты қарастырылған. Бұл сертификат отбасыға тұрғын үй құнының 50%-ына дейін немесе 4,56 млн теңгеге дейін қайтарымсыз төлем түрінде беріледі.