Қазақстандықтардың төрттен бірі волонтер болғысы келмейді. Demoscope сауалнамасы
Сауалнама деректері бойынша, респонденттердің 44%-ы пандемия кезінде ерікті болуға дайын.Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында "Қазақстандықтардың негізгі қоғамдық құндылықтары" тақырыбында сауалнама жүргізді.
Сауалнама мәліметтеріне сүйенсек, тұрақтылық пен отбасы қазақстандықтар арасында аса бағаланады. Қазақстандықтардың үштен біріне қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп (33%), ұлттық және отбасылық дәстүрлер (33%), білім, ғылым және мәдениет (33%) маңызды.
Негізгі құндылықтар қатарында:
- айналадағы адамдардың қолдауы мен өзара көмек (24%);
- әлеуметтік әділеттік пен құқықтардың теңдігі;
- ынтымақ пен патриотизм (22%);
- діни және рухани құндылықтар;
- еңбекқорлық пен қоғам алдындағы жауапкершілік (22%);
- жетістік, мансап және тоқшылық (14%).
Зерттеу қорытындысына қарап, пандемия кезінде халық қауіпсіздікті отбасылық құндылықтармен қатар жоғары бағалайды деген қорытынды жасауға болады.
2020 жылы жаздағы қатаң карантин шаралары кезінде, елде дәрі-дәрмек жетпей халық дүрбелеңге түскен қысылтаяң шақта барлық аймақта дерлік коммерциялық емес қоғамдық ұйымдар, еріктілер, белсенді азаматтар жұмыла кірісті.
Demoscope сауалнама қорытындысы көрсеткендей, респондентердің 65%-ы пандемия кезінде дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қоғамға сіңірген еңбегі елеулі болды дейді. 26%-ы ҮЕҰ, еріктілер мен жанашыр адамдардың атқарған еңбегін, 22%-ы мемлекет пен жергілікті басқару органдарының жұмысын атап өтті. Ал сауалнама қатысушыларының небәрі 6%-ы бизнестің жасаған жақсылығын еске алды.
"Қазақстандықтардың өзара көмек көрсетуді де басым құндылықтар қатарына жатқызғаны бекер емес. Респонденттердің 44%-ы пандемия кезінде ерікті болып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әзір. Олардың 12%-ы ауруды жұқтырып алу қаупі төмен болса, ерікті болудан бас тартпас едім деп жауап берді. Қатысушылардың төрттен бір бөлігі ерікті болғысы келмейді. Себебін олар денсаулығын қатерге тіге алмаймыз деп түсіндірді. Сонымен қатар, 16%-ы ерікті болуға уақытым жоқ деп жауап берген. Ал респонденттердің 9%-ы әлеуметтік мәселелерді мемлекет шешуі керек деп есептейді", – делінген хабарламада.
Респонденттерден Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуына не кедергі екені туралы да сауал қойылды. Үштен бірі экономикалық тұрақсыздықты негізі кедергі деп санаса, 22%-ы халық азаматтық қоғам туралы білмейді деп жауап берді. Кейбірінің сөзінше, мемлекет пен қоғам арасында серіктестік қарым-қатынастардың болмауы (12%), Мемлекеттің азаматтық қоғам институттарын бақылауда ұстауы (7%) азаматтық қоғамның дамуына кедергі келтіреді. Ал респонденттердің 6%-ы азаматтық қоғам институттарын мемлекетке төнген қатер ретінде көрсететін ішкі насихатты кінәлады.
Demoscope сауалнама қорытындысын түйіндесек, халық тәуелсіз демократиялық, біртұтас мемлекетті дамытудың негізі саналатын азаматтық қоғам институттарының рөлі туралы жетік білмейді. Қазақстандықтардың өзара көмек пен қолдау, әлеуметтік әділет пен құқықтардың теңдігі, ынтымақ пен патриотизм секілді құндылықтары азаматтық қоғамның негізгі идеяларымен сәйкес келеді.
Сауалнамаға 2021 жылы 25 маусым және 3 шілде аралығында 1 100 адам қатысқан. Қатысушылардың 53%-ы – ер азамат, 47%-ы – әйел.