Қырғыз республикасында Министрлер кабинеті бекіткен "Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қырғызстанда болу тәртібінің" жаңа нұсқасы 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді. 

Құжаттағы өзгерістер ТМД елдері, оның ішінде Қазақстанның азаматтарына да қатысты. Жаңа ережеге сәйкес, Қырғызстанда 180 күндік кезең ішінде жиынтығы 90 күннен астам уақыт болатын қазақстандықтар енді ықтиярхат не Қырғызстанда болуына рұқсат беретін өзге құжат түрін (виза) алуға тиіс болады.

Ескерту: бұл сапар мақсаты жұмыс, оқу не бизнеспен байланысты емес, адамның жеке шаруаларына байланысты болған жағдайға қатысты. 

Дәл осындай жаңа талап Қазақстаннан бөлек, Ресей, Армения және Беларуське де қатысты. Ал Тәжікстан, Грузия, Әзербайжан және Молдова азаматтары үшін аталған мерзім 120 күндік кезең ішінде жиынтық 60 тәулікті құрайды. 

Еске салайық, Қазақстан азаматтары Қырғызстанға жеке куәлікпен бара алады. Ал 16 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерде (әлі жеке куәлік алмаған) паспорттың болуы міндетті. 


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың Өзбекстанға баруы үшін паспорт қажет болмауы мүмкін