Қазақстандықтардың қанша пайызының елдің денсаулық сақтау жүйесіне көңілі толады
Дәстүрлі халықаралық Stada Health Report 2024 зерттеуінің нәтижесі жария болды. Бұл зерттеуге Қазақстан үшінші жыл қатарынан еніп отыр.Зерттеу жүргізілген елдерде денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйіне қанағаттану деңгейі төмендеп келеді. Бұл елдердің қатарында Қазақстан да бар.
Қазақстандық респонденттердің 67 пайызы ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына көңілі толмайтынын (былтырғы нәтижеге +10%) айтса, тек 27 пайызы ғана олардың жұмысын қанағаттанарлық деп бағалайды. ҚР денсаулық сақтау жүйесін оң бағалауға ықпал еткен себептер:
- дәрігер немесе фармацевт дұрыс кеңес беріп, көмек көрсете алады (45%);
- қажетті профилактикалық медицина қызметі бар (42%);
- керек кезінде дәрі сатып ала алу мүмкіндігі (35%).
"Stada Health Report зерттеуін 2014 жылдан бері жүргізіп келеміз. Осы уақыт ішінде зерттеу шын мәнінде халықаралық деңгейге шықты, біз түрлі ел мен әртүрлі аймақтың нәтижесін салыстыру мүмкіндігіне ие болдық. Еуразия аймағынан екі елдің (Қазақстан мен Өзбекстан – ред.) есепке кіргеніне қуаныштымын. Денсаулық сақтау жүйесінде қызмет ететін мамандар сала жұмысының маңызды аспектілері туралы қоғамдық пікірді білсе, ел тұрғындары өз денсаулығына байланысты мәселелерге қалай қарайтынынан хабардар болса дейміз", – деді Stada компаниясының Еуразия аймағындағы вице-президенті Арминас Мацевичус.
Денсаулық сақтау саласына жауапты тұлғалардың осы салада жұмыс тәжіриесі болуы керек деп санайтын қазақстандық респонденттердің үлесі 69 пайыз, Еуропадан айтарлықтай жоғары (48%). Респонденттердің 42 пайызы денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын жақсарту отандық дәрі-дәрмек өндірісінің дамуына жол ашады десе, 37 пайызы мамандарды тарту үшін олардың жалақысын көтеру керек деп санайды.
"Зерттеу жүргізілген елдердің барлығында дерлік денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына қанағаттану көрсеткіші төмендеген, бұл Қазақстанға да тән. Сонымен бірге қазақстандық респонденттердің айтарлықтай бөлігі дәстүрлі медицинаға сенеді, медицина қызметкерлері денсаулық сақтау жүйесінің біртұтастығын ұстап тұруда шешуші рөл ойнайды, бұл үміт сыйламай қоймайды. Есеп нәтижесінен қазақстандықтардың елдегі медициналық қызметтің ұйымдастырылуы мен көрсетілуіне қатысты сұрақтары бар екенін көруге болады. Ең бастысы да осы, елде денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын жақсартуға қоғам тарапынан сұраныс бар және тұрғындар түйткілді мәселелерді түсінеді, бұл әрі қарайғы жұмысты жеңілдетеді", – деді "Қазақстан+" кластерінің жетекшісі Наталья Гарипова.
Қазақстандықтардың 17 пайызы дәстүрлі медицинаны күмәнсіз қолдайды, 40 пайызы жалпы сенеді, бірақ кей мәселелерді өз бетінше интернеттен іздеп зерттейді, тек 23 пайызы ғана дәстүрлі медицинаның ұсынымдарына күдікпен қарайды. Дәрігерлер мен фармацевтер сияқты денсаулық сақтау саласындағы тәжірибелі практик мамандардың болуы, дәстүрлі медицина өзінің тиімділігін дәлелдеуі сенім білдірудің негізгі себептері қатарында.
Зерттеу авторлары қазіргі танымал тақырыптың бірі – жасанды интеллект тақырыбын да айналып өтпеген. Қазақстаннан зерттеуге қатысқандардың 49 пайызы жасанды интеллектің деген не екенін түсінеді және технология қоғамға пайдасын тигізеді деп санайды, 13 пайызы қазірге түсінбейді, бірақ жалпы жағымды бағалайды. Қалай болғанда да, денсаулық сақтау жүйесінің әр саласында жасанды интеллекті пайдалану арта береді, бірақ зерттеуге қатысушылар бұл құрал білікті мамандармен жеке қарым-қатынас жасауды алмастырмай, оларға қосымша жүруі керек деп санайды. Сонымен қатар, кез келген жаңа технологияны пайдалану қадамы мейлінше ашық болса, оның қауіпсіздігіне күмән келтіру де аз болады деп есептейді.
Респонденттердің көпшілігі медицина саласындағы цифрлық шешімдерді қабылдауға дайын. Мәселен, 57 пайызы науқастардың электрондық картасын енгізуді қолдайды, 46 пайызы электрондық рецептер болса дейді, ал 37 пайызы дәрілердің электрондық нұсқаулығын енгізуді қолдайды. 36 пайызы жасанды интеллект дәрігерлер мен фармацевтерге қолдау көрсететін құрал деп санайды. Болашақтың мәселесін айтқанда, сауалнамаға қатысушылардың 30 пайызы роботтар хирургияда ота жасауға міндетті түрде қатысады деп санайды; 27 пайызы трансплантация жасалатын ағзаны адамның өз денесінен алынған клеткадан өсіріп шығарады деп сенеді, 22 пайызы суық тию мен тұмаудың дәрісі жасалатынына сенім артса, әр бесінші респондент жеке қажеттілігін есепке ала отырып жасалған тағамға қосымша қоспаларды пайдаланғысы келетінін білдірген.
Зерттеудің үлкен бір бөлімі психикалық денсаулық мәселесіне арналды, соның ішінде зерттеуге қатысушылар өзін бақытты сезіне ме деген сауал болды. Қазақстандық респонденттер арасында өзін бақытты санайтындардың үлесі 63%, бұл Еуропа елдерінен аз ғана төмен (67%). Дегенмен, бақытты сезіну психологиялық саулыққа жағымсыз әсерден құтқара алмайды.
2023 жылы ДДСҰ жалғыздықты қоғамдық денсаулық сақтаудағы жаһандық мәселе деп жариялап, оның ұзақ мерзімді салдары ретінде күйзеліс, үрей, инсульт, жүрек аурулары және ІІ типті диабет қаупін атап көрсетті. Қазақстан адамдар өзін жалғыз сезінетін (57%) және титықтап шаршайтын (68%) елдер қатарында.
Қазақстаннан зерттеуге қатысушылардың 43 пайызы қартаюды ойлап алаңдайды, оның ішінде 74%-ы жасы келуіне орай физикалық қартаюды айтса, 59 пайызы сырт келбетінің нашарлайтынын ойлайды. 56%-ы жақындарына масыл болудан қорқады. 50 пайызы қартайғанда қаржылық жағынан қысылмауды ойласа, 48 пайызы жас келгенде пайда болатын Альцгеймер, Паркинсон, деменция сияқты аурулардан қауіптенеді. Қазіргі медицина кейбір аурулардың дамуын алдын ала анықтай алады, қазақстандықтардың 67%-ы қауіп-қатерді біліп отыру үшін тестілеуден өтуге келісетінін айтқан. Әр бесінші қазақстандық респондент қартайғанда оқшаулану салдарынан жалғыз қалудан қорқады, еуропалықтар арасында олардың үлесі қатысушылардың үштен біріне тең.
Физикалық денсаулыққа келсек, қазақстандықтардың 40 пайызы оны жақсы деп бағалайды. Зерттеуге қатысушылардың 34 пайызы өзін жақсы сезінудің маңызды бөлігі дұрыс тамақтану дейді. 10 адамның 9-ы өзін жақсы сезінуге спорт көмектесетінін айтқанмен, респонденттердің 3%-ы ғана фитнес клубтың абонементін алуға "орташа" және "айтарлықтай" ақша жұмсайды. Жалпы, отандастарымыздың 22 пайызы денсаулыққа арналған тауарларға "айтарлықтай" және "белгілі бір" қаржы шығаруға дайын, 16 пайызы дәрумендер мен минералды қоспалар алуға кетәрі емес болса, тағы осыншасы косметика өнімдерін сатып алуға дайын.
STADA Health Report зерттеуіне қатысушы елдердің тұрғындары жалпы физикалық жағдайын жақсы деп санайтынына қарамастан, денсаулығын өз бетінше жақсарту бағытында қозғалыс байқалады, оның ішінде физикалық белсенділік, дұрыс тамақтану, психикалық денсаулыққа профилактика жасау да бар, шамасы, бұл денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына көңілі толмайтындардың артуымен байланысты болса керек.
Қазақстан тұрғындарының үштен бірінің (31%) сырт келбетіне көңілі толмайды, ал Еуропа көлемінде әр бесінші респондент осындай ойда (21%), соның ішінде еуропалықтардың 49%-ы көңіл толмаудың себебі ретінде артық салмақты атаған. Қазақстанда артық салмағым бар дейтіндердің үлесі 34%, 16 пайызы семіздік бар деп санайды.
Қазақстандықтар арасында сырт келбетін жақсарту үшін ақша жүмсауға дайын жандар көп болғанымен, оған бәрінің бірдей мүмкіндігі жоқ. Сұрауға жауап бергендердің 36 пайызы ақша болған жағдайда дереу эстетикалық стоматологияға баратынын айтса, 31% пайызы ол туралы ойлайды, ал расында жасатқандардың үлесі 5% ғана. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қазақстандықтар бірінші кезекте басқалар үшін емес, өзі үшін сырт келбетін жақсартуға күші мен қаражатын жұмсауға дайын: респонденттердің 9 пайызы ғана серігін қуанту үшін сырт келбетін өзгертуге дайын екенін айтқан.
Қатысушылардың 39 пайызы сырт келбетін жақсарту өзіне деген сенімін арттыратынын айтса, 32%-ы қартаюдың салдарын азайтамын деп ойлайды, ал 29 пайызы өзін бұрынғыдан да бақыттырақ сезінемін деп үміттенеді.
Жалпы алғанда, зерттеу нәтижесіне сүйене айтсақ, Қазақстан денсаулық сақтау мәселесінде азаматтары өзін мейлінше бақытты санайтын, барынша дұрыс тамақтанатын, салауатты өмір салтын ұстанатын және жалпы денсаулық сақтау саласының жай-күйіне де көбірек қанағаттанатын дамыған Батыс Еуропа елдерінен гөрі Шығыс Еуропа елдеріне жақын. Денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы қаржыландыру деңгейіне, жалпы ұйымдастыру жұмысына, мемлекеттік институттардың жұмысын үйлестіруге байланысты, зерттеу авторлары Қазақстан бұл бағытта әлі де біраз еңбектенуі керек деп санайды.
Еске салайық, он бірінші рет жарияланып отырған зерттеу онлайн анкета көмегімен 23 елде жүзеге асып отыр. 18 жастан 99 жасқа дейінгі 46 мың респондент өз еліндегі денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына қанағаттану деңгейі мен оны жақсарту шаралары туралы сұрақтарға жауап берді. Зерттеу авторлары психикалық денсаулық, өзіңе көңіл бөлу, қарттық пен жалғыздыққа бола алаңдау, жеке бақыт және сырт келбетіңе қанағаттану секілді тақырыптарды қозғады.
Қазақстанда зерттеу үшінші жыл қатарынан жүрді.