Ауылдарды сумен жабдықтау мәселесіне мониторинг жүргізу мақсатында интерактив карта әзірленіп, қолданысқа берілді. Онда тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз етуге байланысты шағымдары мен ұсыныстарын қалдыра алады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов мәлімдеді.

"Интерактив картада түрлі параметр бойынша жағдай көрсетілген. Оның ішінде сумен жабдықтаумен қамтылуы, қаржыландыру, қаражат қажеттілігі, желілердің ұзындығы, тозу деңгейі және т.б. Бүгінгі күні аталған карта интернетте қолжетімді. Қазір интерактивті картаны жетілдіру мақсатында халықпен кері байланысты орнату үшін қосымша функцияны қосу бойынша шаралар қабылданып жатыр. Сондай-ақ, ауыз судың үздіксіз берілуі мен көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша ақпарат қосылады әрі тұрғындар сол жерде ұсыныс пен шағымдарын қалдыра алады", – деді Бейбіт Шаханов.

Бұдан өзге комитет өкілі 2020 жылдың қорытындысы бойынша елдегі сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 94,1%-ды құрап отырғанын айтты. Оның ішінде: ауылдарда – 90,1%, қалаларда – 97,5%. Бұл – 17,7 миллионнан астам адам.

Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы қала халқы 100% сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған. Ауыз суға ең төмен қолжетімділік Жамбыл облысында байқалып отыр – 88,9%.

"Алматы (98,3%), Атырау (98,5%) және Қызылорда облыстарындағы (97,6%)  ауылдық жерлер ауыз сумен жоғары деңгейде қамтылған. Керісінше Қостанай (64,7%), Шығыс Қазақстан (81,4%), Солтүстік Қазақстан (82,2%)  және Жамбыл (82,2%) облыстарындағы ауылдық жерлер ауыз сумен төмен деңгейдегі қамтылғаны байқалып отыр. Осы орайда, көрсеткіші төмен аймақтарға басым түрде қаражат бөлініп отыр, бұл артта қалған аймақтар көрсеткіштерін өсіруге мүмкіндік береді", – деп қосты Бейбіт Шаханов.

"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы шеңберінде 2021-2025 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 498 млрд теңге, оның ішінде ауылдық елді мекендерге 261 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Осы жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен реконструкциялауға 151,4 млрд теңге, оның ішінде: қалаларда – 77,3 млрд теңге, ауылдарда – 74,1 млрд теңге көзделген.

2021 жылдың қорытындысы бойынша, ел халқының 95%-ын сапалы сумен жабдықтау қызметтерімен қамту жоспарлануда: қалада – 98%, ауылда – 91,8%.