Қазақстандық ЖОО-лар шетелде қазақ тілін оқыту орталықтарын ашты
ЕҰУ Брюссельде интернационалдандыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөніндегі ресми өкілдігін ашты.Қазақстандық жоғары оқу орындары шетелде қазақ тілін оқыту орталықтарын ашып жатыр. Олар қазірдің өзінде Түркия, Иран, Польша, Оңтүстік Корея, Беларусь, Қытай және Өзбекстан сияқты елдерде жұмыс істейді. Шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық аясында осындай тіл орталықтарының жұмыс істеуі шетелдік студенттердің қазақ тілін оқып, қазақ халқының мәдениеті мен тарихымен танысуына арналған, деп хабарлайды ҚР білім және ғылым министрлігі.
Беларусь ұлттық техникалық университетінде Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ашқан Абай атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы жұмыс істейді. Қазақстандықтар шетелдік студенттерге қазақ тілін үйретіп, ұлттық салт-дәстүрлер туралы айтып береді. Түрлі байқау, фестиваль, көрме және басқа да іс-шара өткізіледі. Сонымен қатар, ЕҰУ Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінде Беларусь-Қазақстан мәдени-білім беру орталығын ашты.
"Лев Гумилев атындағы ЕҰУ базасында қазақ-беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығы жұмыс істейді, оның жанында "Беларусь" тіл және мәдениет орталығы ашылды. Орталықтар жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық ғылыми және мәдени байланыстарды дамытып, Беларусь пен Қазақстан студенттері арасындағы достықты нығайтады. Еуразия ұлттық университеті Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы жоғары оқу орындарының ғылыми-білім беру консорциумының қызметін үйлестіретін басты ұйым болып табылады", – деп атап өтті Лев Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, басқарма төрағасы Ерлан Сыдықов.
ЕҰУ бастамасымен Ирандағы Алламе Табатабаи университетінде Иран-Қазақстан мәдени-білім беру орталығы да ашылды. Орталық бірлескен бағдарламаларды ілгерілетуді, бірлескен ғылыми еңбектер мен зерттеулерді жариялауды, жоғары оқу орындары арасында халықаралық іс-шараларды өткізуді үйлестіреді. ЕҰУ-нің осындай мәдени-білім беру орталықтары Қытайдың оңтүстік-батыс, Түркияның Nigde Omer Halisdemir, Өзбекстанның Ферғана мемлекеттік университетінде жұмыс істейді.
Бұдан басқа, ЕҰУ Брюссель қаласында (Бельгия) интернационалдандыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөніндегі ресми өкілдігін ашты. Еуропалық Одақта Лев Гумилев атындағы ЕҰУ кампусының ашылуы жоспарда бар.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Қытайдың жоғары оқу орындарымен серіктестік қарым-қатынас орнату және дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. ҚР-ның ҚХР-дағы елшілігінің қолдауымен Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ Далянь шет тілдер университетінің базасында Қазақстанды зерттеу орталығын ашты. Онда Әуезов университетінің оқытушылары жұмыс істейді. Олар ниет білдірушілерге қазақ тілін үйретеді, оларды қазақтың салт-дәстүрлерімен таныстырады. Аталған орталық Қазақстан мен Қытай студенттері және оқытушылары арасындағы білім беру, ғылыми байланыстарды кеңейту бойынша да іс-шаралар өткізеді.
Қазақ тілі мен мәдениеті орталықтары Польшадағы Ян Амос Коменский университетінде және Оңтүстік Кореядағы Kyungdong University-де жұмыс істейді. Олар Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің осы шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығы аясында ашылды. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Польшаның Быдгощ қаласында шетелдік әріптес жоғары оқу орындарының және Түркияның Кастамону университетінің базасында "Qazaq eli" мәдени орталықтарын ашты.