Қазақстандық Sheker мен "Мыстан" веб-сериалдары халықаралық Realist Web Fest фестивалінің бағдарламасына енді
Байқауға 70 мемлекеттен үш мыңға жуық өтінім келіп түскен.Байқау 29 шілде мен 1 тамыз күндері Нижний Новгород қаласында өтеді. Биыл пандемияға байланысты онлайн форматта өткізу жоспарланып отыр.
Фестиваль – халықаралық Web Series World Cup веб-сериалдар чемпионатының бір бөлігі. 2021 жылы байқауға 70 мемлекеттен 3 000 өтінім келіп түсті. Веб-контенттің негізгі байқауына 45 жоба енді – Ресейдің 18 веб-сериалы мен Бразилия, АҚШ, Корея Республикасы, Швейцария, Уругвай, Франция, Аустралия, Арентина, Италия, Канада, Германия, Испания, Израиль, Нидерланды және Қазақстаннан екеу.
"Биыл Қазақстаннан келіп түскен өтінімдердің сапасына таңғалдық, таңдау оңай болмады. Sheker мен "Мыстан" секілді өзекті, батыл әрі сапалы жобалардың бағдарламамыздан өз орнын тапқанына қуаныштымыз!" – деді ІІІ Халықаралық Realist Web Fest фестивалінің бағдарлама директоры Мария Токмашева.
Қос жоба ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жастардың баю үшін теріс жолға түсуі, сот жүйесіндегі әділетсіздік, байлар мен кедейлерге деген теріс көзқарас сынды тақырыптарды қамтыған.
Sheker сериалының бас қаһарманы – оқудан шығып қала жаздаған Алдияр. Студент ата-анасының қаһарынан қорыққандықтан, бұл мәселені басшылыққа ақша беру арқылы реттемек болады. Оңай ақша табу үшін синтетикалық есірткі сатады. Аз уақыт ішінде керек соманы жинайды. Бірте-бірте Алдияр есірткі тасымалдау арқылы оңай олжаға жетемін деп ойлайды. Sheker бірінші маусымы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, 24 000 000 көрілім жинады. Осы жылдың тамыз айында көрерменге екінші бөлімі жол тартады.
Режиссер Ернар Нұрғалиев таспалаған "Мыстан" телехикаясында зорлық-зомбылық көріп, жақындарының сенімінен айырылған үш қыздың ауыр тағдыры баяндалады. Олар ешкімнен қолдау таппаған соң, өзін ренжіткен адамдардан өз бетінше кек алмақ болады. Кейіпкерлер осы әрекеті үшін опық жейді. Веб-сериал Youtube және Aitube видеохостингтерінде шығып жатыр. Жобаның 3 сериясы Youtube видеохостингінде көп қаралым жинады.