Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әуе кемесіндегі қазақстандық құтқарушылар азаматтарымызды эвакуациялау және қаза болғандардың мәйітін туған жеріне жеткізу үшін Қырғыз Республикасының Ош қаласына барды. 

Ұшақ бортында РОСО құтқарушылары, апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары бар.  

Сонымен қатар бортта гуманитарлық көмек жеткізілді - селден зардап шеккен Қырғызстан тұрғындары үшін 2,7 тонна азық-түлік. Бір күн бұрын Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Ош облысы Ноокат ауданындағы төтенше жағдай аймағына аттанды.   

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ахуал орталығында жедел штаб құрылды, оның мамандары Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігімен және біздің елшілікпен тұрақты байланыста.

Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рашид Бляловтың үйлестіруімен Өскемен қаласында екінші күннен бері жедел штаб жұмыс істеп жатыр, оның негізінде жергілікті атқарушы департаментпен бірлесіп, қайтыс болған балалардың туыстарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Еске салайық, 28 маусым күні кешке Қырғызстанның Ош облысының Ноокат ауданында күшті сел жүріп, қатты ағын су тасжолды басып, жеті адамды алып кетті. 

Кейін қайтыс болғандардың арасында екі қазақстандық бала бар екені, тағы екеуі із-түзсіз жоғалғандар тізімінде екені белгілі болды. Біраз уақыттан кейін олардың денесі табылды.