Қазақстандық "Отбасының цифрлық картасы" жобасы халықаралық сыйлыққа ие болды
Жоба Инклюзивті цифрлық трансформация санатында үздік деп танылды.Қазақстандық "Отбасының цифрлық картасы" жобасы GovTech Prize 2024 сыйлығының жеңімпазы атанды. Бұл туралы цифрлық даму министрі Бағдат Мусин хабарлады.
"Отбасының цифрлық картасы" жобасы Дубайдағы Дүниежүзілік үкімет саммитінің әлемдік аренасында Инклюзивті цифрлық трансформация санатында үздік деп танылғанын қуана хабарлаймыз. Бұл – мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық шешімдердің мойындалуы", – деп жазды министр.
Бағдат Мусиннің түсіндіруінше, Отбасының цифрлық картасы – бұл 40-тан астам мемлекеттік дерекқордан азаматтар туралы ақпаратты ескеретін бірегей скорингтік модель. Ол 100-ден астам критерийлерге сүйене отырып, отбасылардың әл-ауқатының санатын анықтауға көмектеседі, сол арқылы оған мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Смайылов ЕАЭО елдеріне ортақ цифрлық платформа құруды ұсынды
Ал GovTech Prize – 2014 жылы бекітілген БАӘ мемлекеттік қызметті жетілдіру бағдарламасының бастамасы. Бұл бастама өзекті мәселелерді шешетін және халықтың өмір сүру сапасын арттыруда үкіметтік тәжірибені кеңейтетін әлем елдерінің мемлекеттік мекемелерінің инновациялық және шығармашылық шешімдері мен жетістіктерін тануға және мойындауға бағытталған.