Астана, Алматы, Өскемен және Орал қалаларында NASA International Space Apps Challenge хакатонының жергілікті кезеңі өтті. Бұл халықаралық шара NASA технологиясын қолдана отырып, ғарышты зерттеу, жаһандық мәселелерді шешуге арналған жаңа технологиялар мен әзірлемелерді ойлап табуға негізделген. 

Қазақстандық оқушылар команда құрып, арқылы екі тәулік бойы өз идеялары мен жобаларын таныстырды. Олардың жобаларына ғарыш агенттігінің сарапшылары баға береді. Ал үздік шыққан жобаларға халықаралық баға беріледі. 

Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінде өткен шараға АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Мишель Еркін қатысып, хакатон қатысушыларына игі тілегін арнады.

АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Мишель Еркін

"Оқушылар үшін NASA Space Apps байқауына қатысудың маңызы зор. Хакатонда бақы сынау арқылы оқушылар өзінің маңызды ғылыми және техникалық дағдыларын шыңдайды. Өзге оқушылармен бірлесіп жаһандық мәселелерді шешу жолын талқылайды. Мұндай мәселелер қатарына климаттың өзгеруі немесе су ресурстарын басқаруды жатқызуға болады. Мұндай мәселелерді біз тек бәріміз бірігіп қана шеше аламыз. Балалардың жұмысы АҚШ миссиясының қалай халықаралық серіктестерімен бірге жаһандық мәселелердің шешімін іздейтінін көрсетеді. Мұндай серіктестер қатарында Қазақстанның да орны ерекше", – деп атап өтті Мишель Еркін. 

Еске салайық, NASA International Space Apps Challenge хакатонының тарихы 2012 жылдан бастау алса, Алматыда байқау төртінші рет өткізіліп отыр. Ал өзге қалаларда NASA хакатоны тұңғыш рет ұйымдастырылды. Байқауға республика бойынша 400 оқушы қатысты.