Қазақстандық бітімгерлер Ливандағы жұмысын жалғастыра береді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қарулы қақтығыс ушыққан жағдайда ел азаматтарын қауіпсіз жерге шығару мәселесі Біріккен Ұлттар ұйымының хатшылығымен бірлесіп шешілетін болады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.

Ливан жерінде жүрген үш штабтық офицерден жасақталған қазақстандық бітімгерлер қазір штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

Ведомство өкілдері шиленіскен жағдай олардың қызмет атқару орындарынан алыста екенін жеткізді. Сондықтан әзірге алаңдауға негіз жоқ. Әскерилермен үнемі байланыста отырмыз дейді.

Айта кетейік, Ливандағы БҰҰ уақытша күштерінің бас штабы мен бекіністерін Израиль әскері атқылағанын хабарлады.  Шабуылдың салдарынан екі бітімгер жарақат алған.

Халықаралық бекітілген тәртіп бойынша қақтығыс алаңында жүрген бітімгерлерге қастандық жасауға болмайды. Ал әлемнің көптеген елі Израильді айыптап, бітімгерлер өміріне қауіп төндіруді тоқтатуға шақырды.