Қазақстандық марафоншы Сәрсенбай Қотырашов Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының құрметіне орай, Өскеменнен Қытайға дейін 3 мың шақырым жолды жаяу жүріп өтуді көздеп отыр. Бұл үшін ол күніне 40 шақырым жол жүріп отырмақ. 

Сәрсенбай Қотырашов сапарға Өскеменнен 2 тамызда аттанады. 

"Мен өзімнің жаяу саяхатымды алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнаймын. Біз көшпенділердің ұрпағымыз және олардың бай мәдениеті мен мұраларын әлемге танытқым келеді. Мен Алтай және Моңғолия арқылы Қытайға дейін жетуді жоспарлап отырмын", – деді Сәрсенбай Қотырашов. 

Ол сапар аясында көшпенді халықтардың мәдениеті мен дәстүрлерімен танысып, алған әсерін әлеуметтік желіде жариялап отырмақ.Бұл экспедиция Орталық Азия көшпенді халықтарының бай тарихы мен мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған. 

Еске салайық, марафоншы 2022 жылы 72 жасында еліміздің 17 облысын аралап, жарты жылда 8 мың шақырым жол жүрген болатын. Ал өткен жылы ол Атыраудан Ыстамбұлға жаяу барып, 3 мың шақырым жолды жаяу жүрді. 


Оқи отырыңыз: Әлемді жаяу шарламақ 73 жастағы ақсақал Гиннесс рекордтар кітабына енуді көздеп отыр