Қазақстандық 430 әскери қызметші БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысады
Мәжіліс деп Сенат депутаттары президент бастамасын бірауыздан қолдады.Парламент палаталарының бірлескен отырысында қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық әскери қызметшілерді БҰҰ бітімгерлік миссияларына жолдау туралы ұсынысын жеткізді.
Оның айтуынша, 2014 жылдан бері қазақстандық 67 офицер Батыс Сахара, Кот-д’Ивуар, Мали, Орталық Африка республикасы және Ливанда әскери бақылаушылар және штабтық офицер ретінде қызмет атқарған. 2018 жылдан бері қазақстандық әскери қызметшілер "Ливандағы БҰҰ уақытша күштері" миссиясына қатысты.
Ал қазіргі таңда 19 әскери қызметші БҰҰ миссияларына (Батыс Сахара, Орталық Африка республикасы, Конго демократиялық республикасы, Ливан) қатысып жатыр.
"Геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты өңірлік және ұлттық қауіпсіздікке жаңа тәуекелдер пайда болып жатыр. Олардың кейбірі әскери тәсілмен әрекет етуді талап етеді. Осыған байланысты әскердің дайындағын күшейтіп, заманауи қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету бойынша практикалық тәжірибені нығайтудың өзектілігі артып келеді. БҰҰ миссияларына қатысу Қазақстанның Қарулы күштеріне қажетті әскери дағдыларды игеруге мүмкіндік береді", – деді министр Руслан Жақсылықов.
Әскери қызметшілер төрт миссияны орындауға қатысады:
- Голан биіктігіндегі БҰҰ күштері (UNDOF, Сирия – Израиль);
- Бейбіт келісім шарттарын орындауды бақылау бойынша БҰҰ органы (UNTSO, Палестина – Израиль);
- Оңтүстік Судан республикасындағы БҰҰ миссиясы (UNMISS, Оңтүстік Судан);
- Абьееде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша БҰҰ уақытша күші (UNISFA, Судан).
Сенат және Мәжіліс депутаттары бұл ұсынысты 100 пайыз түгел қолдап дауыс берді.