Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Президенттің айтуынша, еліміздегі волонтерлердің саны 300 мыңға жетті. 

"Қазақстан "волонтер болам, қоғамдық іспен айналысам" деген әрбір азаматты қолдайды. Қазір елімізде 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис табысты жұмыс істеп тұр. Еріктілердің саны да артып келеді. 2020 жылы Қазақстанда 50 мың волонтер бар еді. Қазір олардың қатары 300 мың адамға жетті. Елге пайдалы жұмыспен айналысатын ұйымдардың саны төрт есеге жуық өсіп, 800-ден асты. Қазіргі таңда еріктілеріміз экология, білім, мәдениет және басқа да салалар бойынша маңызды бастамалар көтеруде. Соның ішінде "Жас ағаш", "Эко бақылау", "Білім волонтерлері" жобаларын ерекше атап өтуге болады. Осындай іс-шараларға 100 мыңға жуық ерікті қатысты", – деді президент. 

Мемлекет басшысы ел азаматтарының экологиялық мәдениетін арттыру қажеттігіне тоқталды. 

"Бүгінде еріктілер елді мекендерді көркейтуге белсене атсалысып жүр. Олар былтырдың өзінде "Таза Қазақстан" аясында өткен 1300-ден астам іс-шараға қатысты. Сондай-ақ волонтерлер ағартушылық сипаттағы түрлі бастамаға ұйытқы болды. Осындай игі істер арқылы елімізде жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты күшейте түсу керек, себебі экологиялық мәдениеттің жоғары болуы кез келген елдің озықтығы мен жасампаздығының айқын көрінісі. Ал Қазақстан ең дамыған елдердің қатарында болуы қажет, бұл – біздің ұлттық стратегиямыздың аса маңызды бөлігі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.