Қазақстанда жүргізуші куәлігі жоқ бола тұра ішімдік ішіп, рөлге отыратын азаматтарға жаза күшейтілді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жаңашылдыққа сай бұл ережені бұзған тұрғындар құжат алу үшін жеті жылға дейін емтиханға кіргізілмейді. Бұл туралы алматылық полицейлер мәлімдеді.

Сонымен қатар бұдан былай жылдамдықты шамадан тыс асыратын жүргізушілерге 147 мың теңгеден астам айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде ережені қайта бұзған көлік иелері 221 мың теңге төлейді.

Ал күндіз көліктерінің жарық шамын жақпаған азаматтарға керісінше жаза жеңілдеді. Енді тәртіп сақшылары оларға алғашында ескерту жасайтын болды. Оны елемейтіндер ғана айыппұл арқалайды. Кейінгі өзгерістерді көпшілік қолдап отыр.

"Менің ойымша, күндіз фарларды жағуды ұмытып кеткендерге алдымен ескерту жасаған дұрыс. Өйткені оның аса бір жол қауіпсіздігіне кедергісі жоқ. Сонымен қатар жылдамдықты асырғандарға штрафты арттырған дұрыс. Соның кесірінен жол апаттары көп. Адам өлімі де көп", – дейді көлік жүргізушісі.