Қазақстанда жұмысы бар әрбір бесінші әйел сауда саласында еңбек етеді
Саудамен айналысатын әйелдердің тең жартысының жоғары білімі бар.Елдегі әрбір бесінші жұмыс істейтін әйел сауда саласында қызмет етеді. Саудадағы әйелдердің 15 пайыздан астамы Алматы қаласына тиесілі, деп мәлімдеді Dasco Consulting Group басқарушы директоры Дәрмен Сәдуақасов. Бұл туралы ол Алматыда өткен Womеn in Business іскерлік форумында айтты.
"Алматы қаласы саудамен айналысатын әйелдер саны бойынша көш бастап тұр. Бірақ олардың үлесі небәрі 52 пайызды құрайды. Ұлытау және Қостанай облыстарында сауда секторында жұмыспен қамтылғандардың 67 пайызы әйелдерге тиесілі. Саудадағы әйелдердің ең аз үлесі Түркістан қаласында, онда көрсеткіш 47 пайызды құрады", – деді Дәрмен Сәдуақасов.
Спикер жалпы экономикаға қарағанда сауда секторында жоғары білімі бар әйелдердің үлесі әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.
"Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі экономикада 38 пайызды, ал сауда секторында 49 пайызды құрайды. Керісінше, саудада техникалық және кәсіптік білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі – 45%, ал Қазақстанда жалпы 56 пайызды құрайды", – деп толықтырды спикер.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың 38 пайызы соңғы жылда материалдық жағдайы жақсарды деп санайды – зерттеу
АҚШ-тың бас консулы Мишель Еркін әйелдердің қоғам, экономиканың өркендеуіндегі рөлін атап өтті.
"Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту – жалпы өркендеуді қамтамасыз етудің кілті. Сондықтан біз әйелдер үшін лайықты ақы төленетін, сапалы жұмыс орындарын құру арқылы экономикалық бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында Қазақстанмен ынтымақтасуға ниеттіміз", – деді АҚШ-тың бас консулы Мишель Еркін.
Ал ҚХР бас консулы Цзян Вэй әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту – жаһандық тұрақты даму мақсатындағы маңызды мәселе екенін атап өтті.
"Бұл форумды қазіргі күрделі жаһандық ахуал аясында өткізу, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту сияқты тақырыптар бойынша пікір алмасу және талқылау маңызды практикалық мәнге ие және уақыттың айрықша ерекшеліктерін көрсетеді", – деді Цзян Вэй.
Форумда әлеуметтік кәсіпкерлік және қайырымдылық тақырыбына жеке сессия арналды. Алматы қаласы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева әлеуметтік кәсіпкерлікті өз бизнесін дамытуға және қалалар мен ауылдардың дамуына елеулі үлес қосуға ұмтылатын адамдар қалыптастыратынын айтты.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ауыл әйелдерінің 11 пайызы ғана кәсіп бастауға дайын – зерттеу
"Әйелдердің лидерлік жасампаз принципі көптеген жыл бойы Қазақстанның экономикасы мен қоғамының түрлі аспектілерін белсенді түрде өзгертіп келеді. Ірі қазақстандық қайырымдылық ұйымдарын әйелдер басқарып отыр. Олар өз бизнесін қатар дамытып, мемлекетке өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесіп жүр", – деп атап өтті Ayala қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдана Сүлейменова.