Жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Келбет Нұрғазина Instagram желісінде саладағы өзекті мәселелерді ортаға салды. 

Оның айтуынша, Қазақстанда жеңіл атлеттердің резервін дайындау ісінде күрделі мәселелер бар. Әсіресе, Атырау, Батыс Қазақстан облысы Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында жекелеген спортшыларды есептемегенде, жеңіл атлетика мүлде жоқ деуге болады.

"Біз дәстүрлі түрде қазақстандық спортшылар техникалық түрлерде нәтижелерге қол жеткізетінін білеміз, алайда бағдарламаның басқа түрлеріне де назар аударуымыз қажет. Біздің атлеттерге деген құрмет ретінде айтарым: олар өз мүмкіндіктерінің шегінде өнер көрсетті және бүгінгі күндегі дайындық деңгейін көрсетті. Жеңіл атлетика – ең көп медаль әкелетін әрі бұқаралық спорт түрі, бірақ мәселе бұдан да тереңде жатыр. Бұл мәселе – аймақтардан шығуы тиіс резерв дайындауда. Әсіресе бұл жағдай батыс өңірлерде – Атырау, БҚО, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында – аса өзекті. Бұл өңірлерде жекелеген спортшыларды есепке алмағанда жеңіл атлетика жоқтың қасы деуге болады", – деді Келбет Нұрғазина. 

Оның айтуынша, кадр тапшылығы мәселесі де шешімін табуы тиіс. 

"Бір кездері Олимпиада чемпиондарын дайындаған білікті де сауатты бапкерлер бүгінде зейнетке шыққан. Өкінішке қарай, бапкерлер ұрпақтары арасындағы сабақтастық пен жүйелі білім алмасу үзіліп қалды. Сол себепті өңірлердегі жас, талантты мамандарды қолдау аса маңызды. Оларға жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысуға көмек беру, тәжірибе алмасуға, заманауи әдістерді меңгеруге мүмкіндік жасау қажет. Бұл болмаса, мықты резерв қалыптастыру мен болашақ жеңістер туралы айту қиын", – деді ол.