Қазақстанда жасанды интеллект саласының мамандарын қанша ЖОО даярлайды
Қазақстанда 30 жоғары оқу орнында жасанды интеллект бойынша 38 білім беру бағдарламалары енгізілген.
Олардың қатарында қолданбалы жасанды интеллект, ЖИ және блокчейн инженериясы, кибернетика және ЖИ, медицинадағы ЖИ, жасанды интеллект және деректерді талдау, көліктік машина жасаудағы смарт-технологиялар мен ЖИ, компьютерлік ғылымдар және ЖИ және тағы басқалар бар. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектеновтің сенат депутаттарына берген жауабында айтылған.
Ал жалпы ақпараттық технологиялар саласында 43 кәсіптік стандарт бар. Кәсіптік стандарттарға сәйкес 487 (86,8%) білім бағдарламасы әзірленген.
"Соңғы үш жылда IT бағыттары бойынша 27 228 түлек оқу бітірді. Олардың ішінде 12 973 түлек мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алды. Олар осы салада белсенді жұмыс атқарып жатыр. Ақпараттық технологиялар саласының кадрларын еліміздің 79 жоғары оқу орны даярлайды. Студенттер саны 63 мыңды құрайды (оның ішінде 61,5% мемлекеттік тапсырыс бойынша – 39 267 адам)", – делінген премьер-министрдің жауабында.
Оқи отырыңыз:
- Жасанды интеллект пен цифрлық құралдар елімізді өркендету үшін қызмет етуге тиіс – Тоқаев
- Министр, судья, партия хатшысы. Әлемде жасанды интеллект қандай қызметтерге тағайындалды