Қазақстанда заңсыз су пайдаланғандарға 58 миллион теңгеден астам айыппұл салынды
2025 жылғы вегетация кезеңінде су заңнамасын бұзғандарға 58,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, су заңнамасын бұзу деректері бойынша бассейн инспекциялары 310 әкімшілік хаттама толтырған.
"Бас прокуратураның, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың қатысуымен министрлік республика деңгейінде судың заңсыз нарығына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобын құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір бас прокуратурамен бірлесіп, заңсыз су алу фактілеріне қарсы күресті жалғастыру алгоритмі әзірленіп жатыр", – деді бірінші вице-министр Нұрлан Алдамжаров.
Салыстырмалы түрде айтқанда, өткен жылы суару маусымында су заңнамасын бұзғандарға 15,8 миллион теңге көлемінде 188 айыппұл салынған болатын.
Министрлік биылғы вегетация кезеңінде Қазақстанның оңтүстігінде төрт жұмыс тобын құрған. Олар өңірлерде судың әділ бөлінуін қамтамасыз етіп, су шаруашылығы нысандарының жағдайына тұрақты мониторинг жүргізді.