Қазақстанда заңсыз онлайн-лотерея өткізген 121 адам жазаланды
2025 жылы Қазақстанда әлеуметтік желілер арқылы заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған 121 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті хабарлады.
Ведомство онлайн-платформаларға тұрақты мониторинг жүргізіп отырғанын атап өтті.
"Мониторинг нәтижелері мен азаматтардың өтініштері негізінде 2025 жылы 121 адам Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды", – делінген комитет хабарламасында.
Еске сала кетсек, ҚР ӘҚБтК 445-1-бабының 6 және 7-бөліктеріне сәйкес, лотерея операторы емес тұлға лотерея өткізетін болса, жеке тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне (жеке кәсіпкерлерге) 300 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде осындай құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға – 200 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 750 АЕК болып белгіленеді. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтан түскен табыс тәркіленеді.