Қазақстанда жалған ақпарат пен фейк контент таратушылар көбейіп барады
Қазақстанда жалған ақпарат пен фейк контент таратушылар көбейіп барады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бас прокуратураның мәліметінше, кейінгі айларда шындыққа сай келмейтін хабарламалар мен бұрмаланған медиаконтент ел ішінде кеңінен тараған. Құзырлы орган өкілдері мұндай әрекеттер үшін жаза күшейтілгенін ескертеді.
Мәселен, биылдан бастап жалған ақпарат таратқандарға 983 мың теңгеден астам айыппұл салынуы мүмкін. Ал бір жыл ішінде заң қайта бұзылса 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
Жаңа құжатқа сәйкес, ақпаратты кәсіпкерлік мақсатта, көпшілікке арнап жариялаған кез келген адам — блогер немесе инфлюенсер ретінде қарастырылады. Ал шындыққа сәйкес келмейтін, фактілерді бұрмалап, қоғамда жалған түсінік тудыратын мәлімет — жалған ақпарат деп саналады. Сондықтан прокуратура азаматтарға ақпарат таратпас бұрын оның шынайылығына көз жеткізу керек деп отыр.