Қазақстанда Ұлттық спорт студент­тер лигасын құру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығының төрағасы Исламбек Салжанов Egemen Qazaqstan басылымына берген сұхбатында мәлімдеді. 

Тоғызқұмалақ ойыны жоға­ры қарқынмен дамып келеді. Бұл бағытта тәжірибесі мол, өз ісінің маманы, қоғам және мемлекет қайраткері Әли­хан Байменовтің еңбегін атап өткен жөн. Әлихан Мұха­медияұлы жүргізіп отыр­ған жүйелі жұмысының нәтиже­сінде бүгінде елімізде тоғызқұ­малақпен 200 мыңға жуық адам шұғылданса, 30 елде ресми өкілдіктері құрылған. Жалпы, әлемнің 50 мемлекетіне тоғыз­құмалақ таралып отыр.

"Ұлттық спортты студенттер арасында әйгілеу мақсатында жастардың ұсыны­сымен "Ұлттық спорт студент­тер лигасын" құру жоспарланып отыр. Бұл жоба бо­йынша Ғылым және жоғары білім министрімен кездесу өтіп, Туризм және спорт министрлігімен де келісім жүріп жатыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда 100-ден аса университет бар. Ол жерде 500 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Осы жоба аясында жас­тарымызды ұлттық спортқа тарту көзделіп отыр", – деді Исламбек Салжанов.


Оқи отырыңыз: "Садақ ату да – физика". Қазақстанда сұрмергендер қалай дайындалады?


Ол, сондай-ақ қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтың бүгінде әлемнің елу еліне таралғанын да сүйіншіледі. Қазақстанда тоғызқұмалақпен 200 мыңға жуық адам шұғылданса, 30 елде ресми өкілдіктері құрылған.

"Ал жалпы алғанда бола­шақ­та ұлттық спортымыздың Олим­­пиада ойындарына ұсы­нуға сұранып тұрған спорт түрлері бар. Бұл – "Аударыс­пақ" пен "Жамбы ату". Бұл шаруаны көшпелілер ойындарын аман-есен өткізіп алған соң арнайы талқылаулар өткізуге құжаттарымызды әзірлеп жатырмыз", – деді Ұлттық спорт қауымдастығының төрағасы.