Қазақстанда тұңғыш рет тетристен үздік ойыншы анықталды. Ол Дубайдағы әлемдік финалда бақ сынайды
Қазақстанда тетрис ойынынан Red Bull Tetris ұлттық іріктеу ойындары аяқталды. Ел бойынша оған 8 мыңға жуық адам қатысса, ең үздік сегіз ойыншы Алматыда өткен финалдық кезеңде өзара сайысты.
Айта кетерлігі, финалистер арасында түрлі жас және түрлі мамандықтың өкілдері болды. Олардың арасында мектеп мұғалімі студент, дизайнер, IT маман және басқалар бар.
Жарыс нәтижесінде алматылық 25 жастағы талдаушы Дулат Жұмашев қазақстандық сайыстың жеңімпазы атанды. Енді ол 11-14 желтоқсанда Дубайда өтетін жаһандық финалға қатысады.
Финалда бүкіл әлем бойынша қатысқан 7 миллионнан астам адам ішінен іріктелген 50 ойыншы бақ сынайды.
"Мен күнделікті 20 минуттай ғана ойнаймын. Тіпті, уақыт болмайтын кездер де болады. Бұл ойында жылдамдық өте маңызды. Сондай-ақ, тез шешім қабылдай білу керек", – деді Дулат Жұмашев.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, финалдық ойында 2 мың дрон Дубай аспанында Tetris ойынын бейнелеп, керемет шоу өткізеді.